Жаңалықтар

Ресей «саяси тұтқындарды» АҚШ пен Еуропада сотталған азаматтарына алмастырған

Ресей Батыс елдерімен тұтқындарды алмастырды / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Ресей елдегі «саяси тұтқындарды» АҚШ пен Еуропадағы сотталған азаматтарына ауыстыру туралы келісімге келген. Бұл туралы Тhe Insider басылымы жазды.

Басылым өз дереккөздеріне сүйене отырып, босап шыққан саяси тұтқындардың тізімін жариялаған.

Олардың қатарында саяси белсенді Илья Яшин, саясаттанушы Владимир Кара-Мурза, «Радио Свобода» журналисі Алсу Курмашева, саясаткер Андрей Пивоваров, биолог Олег Орлов, суретші Александра Скочиленко, саяси белсенді Лилия Чанышева, саяси белсенді Ксения Фадеева, TheWall Street Journal журналисі Эван Гершкович, Германия Қызыл айының дәрігері Рико Кригер, мектеп оқушысы Кевин Лик, әлеуметтанушы Демури Воронин, саяси белсенді Вадим Останин, Германия азаматы Патрик Шебель, америкалық әскери журналист Пол Уилан және заңгер Герман Мойжес бар.

Ал Ресей тарапы босатып алған азаматтар қатарында: Германиядан киллер Вадим Красиков, Словениядан тыңшылар Артем мен Анна Дульцевтер, Норвегиядан тыңшы Михаил Микушин, Польшадан тыңшы Павел Рубцов, АҚШ-тан хакер Роман Селезнев, АҚШ-тан кәсіпкер Владислав Клюшин, АҚШ-тан Ресей федералды қауіпсіздік қызметкері Вадим Конощенка бар.

Ақпаратқа сүйенсек, алмасу Анкара әуежайында өткен. Ресми Кремль тұтқындардың «алмасуына «әлі түсініктеме бермеді.

2022 жылдың 24 ақпанында Ресей Украина аумағына басып кіріп, толыққанды соғыс бастады. Соғыс басталғаннан кейін Ресейде наразылық акциялары көбейіп, «саяси тұтқындар» саны да артқан.