Жаңалықтар

«Буденовское» уран кен орнынан өндірілетін шикізат алдағы екі жыл бойы тек Ресейге жөнелтілмек

Бірлескен кәсіпорыннан алынған уран Ресейдің азаматтық атом энергетикасы өнеркәсібін шикізатпен қамтамасыз етуге бағытталмақ / Коллаж: Kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

«Буденовское» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорнында өндірілетін барлық уран ресейлік атом өнеркәсібінің қажеттіліктеріне бағытталады деп хабарлады «Қазатомөнеркәсіп».

«Буденовское» БК бойынша 2024-2026 жылдар аралығындағы өндіріс көлемі оффтейк-келісімшарт шеңберінде нарықтық жағдайларда Ресейдің азаматтық атом энергетикасы өнеркәсібін шикізатпен қамтамасыз ету үшін толық сақталған», – деп жазылған компания есебінде.

Еске сала кетсек, 2022 жылдың желтоқсанында «Росатом» компаниясы «Газпромбанктің» несие желісі бойынша «Буденовское» БК-ның 49% үлесін 1,6 млрд долларға сатып алды. Алайда бұл ақпарат ұзақ уақыт бойы көпшілікке жарияланбады. «Росатомның» қазақ жеріндегі кенішті сатып алғаны «Қазатомөнеркәсіптің» 2022 жылға арналған жиынтық есебі жарияланғанда бірақ белгілі болды.

Қалған 51% үлесі қазақстандық «Қазатомөнеркәсіпке» тиесілі. Бұған дейін Қазақстан үкіметі «Росатом» мемлекеттік корпорациясының «Ураниум Уан» бөлімшесіне кіретін «Ураниум Уан Груп» компаниясының пайдасына үш уран өндіретін кәсіпорынның акцияларын иеліктен шығару туралы қаулы қабылдағаны хабарланған болатын.

«Буденовское» – Түркістан облысы, Созақ ауданында орналасқан бұл кен орны сонау Кеңес өкіметі тұсында зерттелген. Ал «Буденовское» бірлескен кәсіпорны №6 және №7 кеніштерін қазуға 2020 жылдың 16 қазанында рұқсат алған. Келісім бойынша қазу жұмыстарын жүргізу мерзімі 2045 жылдың күзіне дейін ұзартылған.

Жылдық есеп бойынша 2023 жылы «Буденовское» 180 тонна уран алған. 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кен орындарының кен қорының жалпы көлемі баланстық қорларды ұлғайтумен қоса 114 мың тонна уранды құрайды. Пайдалы қазбалардың жалпы көлемі қорларды қоса есептегенде 119,9 мың тонна уранды құрайды.