Жаңалықтар

БҰҰ Қазақстан билігін ЛГБТ насихатына қарсы петицияны талқыламауға шақырды

БҰҰ сарапшылары петиция алалаушылыққа негізделгенін айтады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

БҰҰ-ның Адам құқығы кеңесі Қазақстан билігіне ЛГБТ насихаттына қарсы петицияны қарамауға шақырды. БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі тәуелсіз сарапшылары осындай үндеу тастады.

Тәуелсіз сарапшылардың пірікінше, Қазақстан үкіметі азаматтардың жыныстық ерекшеліктері бойынша алалауға жол ашып беретін петицияны қараусыз қалдыру керек.

«Бұл өтініш бастапқыда Үкімет тарапынан қаралмауы және қабылданбауы керек еді. Ол алалаушылыққа негізделген және одан туындайтын кез – келген заңнама адам құқығын сөзсіз және заңсыз бұзады», – деп атап өтті сарапшылар.

Қаралғалы отырған петиция Қазақстанда ЛГБТ-ны ашық және жасырын насихаттауға толық тыйым салу туралы заң қабылдауға шақырады.

БҰҰ сарапшылары «ЛГБТ насихатына» тыйым салу туралы петиция Қазақстанның Әкімшілік-процессуалдық кодексіне қайшы келетінін айтады. Кодекске сәйкес, Үкіметке адам құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін петицияларды қарауға тыйым салынады.

«Егер Үкімет петицияны мақұлдап, лесби, гей, трансгендерлердің пікір айту құқығын таптайтын заңнаманы қабылдаса, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактпен кепілдік берілген пікір айту бостандығы мен заң алдындағы теңдікті бұзады. Қазақстан бұл пактіні 2005 жылы қабылдаған«,- деп хабарлады БҰҰ-ның Адам құқығы кеңесі.

Мәлімдеме авторлары бұлыңғыр тұстары көп мұндай заңнама азаматтық қоғам ұйымдары мен құқық қорғаушыларға кері әсерін тигізеді деп санайды. Тіпті, кемсітушілік пен зорлық-зомбылықтың өршуіне, дұшпандық ортаның қалыптасуына ықпал етеді деген пікірлерін жеткізді.

Маусым айында E-Petition.kz» ресми порталында «Біз ҚР-дағы ЛГБТ-ны ашық және жасырын насихаттауға қарсымыз» петициясы 50 мың қол жинаған болатын. Осыған байланысты петиция Үкімет қарауына жіберілгені, ол жұмыс тобында қарастырылатыны хабарланды.

50 мың қол жинаған бұл петицияның авторы қоғам белсендісі Бағила Балтабаева. Ол санасы қатпаған балалардың бір жынысты қарым-қатынасты қалыпты жағдай деп үйреніп, тіпті трендке айналдыра бастағанын, мұның қоғамның үлкен қасіреті екенін айтқан. Автор мысал ретінде Өзбекстан мен Ресейде қатаң заң талаптары қабылданғанына тоқталып, Қазақстанда да оны насихаттауға заң негізінде тыйым салу қажеттігін айтқан.

Еске сала кетсек, мұның алдында Amanat фракциясының депутаттары Асхат Аймағамбетов пен Жанарбек Әшімжан «Масс-медиа туралы» заңға түзету енгізіп, бұқаралық ақпарат құралдарына «ЛГБТ өкілдері туралы жазуға» тыйым салуды ұсынған болатын. Олар ЛГБТ-ны «біржақты насихаттауға» қарсы шыққан.