Жаңалықтар

«ҚазТрансойл» ішкі нарыққа мұнай тасымалдау тарифін өзгертеді

ҚТО мұнай тасымалдау тарифін 2025 жылға дейін арзандатады /Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«ҚазТрансойл» (ҚТО) компаниясы ішкі нарыққа мұнай тасымалдау тарифін өзгертеді. 2024 жылы 1 қыркүйегінен 2025 жылдың 31 тамызына дейін тариф 9,4 пайыз арзандаса, 2025 жылдың қыркүйегінен желтоқсан айына дейін 11,8%-ға қымбаттайды.

«Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті Төрағасының 2024 жылғы 31 шілдедегі бұйрығына сәйкес магистральдық құбырлар жүйесі бойынша Қазақстан Республикасының ішкі нарығына мұнай айдау жөніндегі реттелген қызмет көрсетуге «ҚазТрансОйл» АҚ-ның жаңа тарифтері бекітілді», – делінген компания хабарламасында.

2024 жылы 1 қыркүйектен 2025 жылдың 31 тамызына дейін тариф 4 1000 км-ге 1 тонна үшін 4 396,23 теңгені құрайды.

Ал 2025 жылдың 1 қыркүйегінен 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін бұл тариф 518,98 теңгеге немесе 11,8%-ға қымбаттап, 1000 км-ге 1 тонна үшін 4 915,21 теңге болады.

Бұған дейін компания ішкі нарыққа мұнай жеткізу тарифі 1000 км-ге 1 тонна үшін 4 851,87 теңге мөлшерінде бекітілгенін хабарлаған. Бұл тариф 2024 жылғы 1 шілдеден қолданысқа енді.

«ҚазТрансОйл» АҚ – магистральдық мұнай құбыры бойынша ұлттық операторы. Ұзындығы 5,4 мың км әртараптандырылған магистральдық құбыр желісіне иелік етеді. Ол елдегі мұнай өңдеу зауыттарына қажет мұнайдың 90 пайызын жеткізеді.

Компания 6 айда 23,2 млн тонна мұнай тасымалдаған. Бұл 2023 жылдың I жартыжылдығындағы көрсеткіштен 1 млн тоннаға немесе 5%-ға артық.

Осы ретте Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «ҚазТрансОйлдың» мұнай тасымалындағы монополиясы қара алтынды жеткізу бағасына кері әсер етеді деп тұжырымдайды. Өйткені Қазақстандағы мұнай құбырлары ҚТО мен орның еншілес ұйымдарына тиесілі. Агенттік мұндай монополия салада бәсеке қалыптастырмайтынын, баға белгілеуде ашықтық жоқ екенін айтады.