Олимпиада-2024: қазақстандық гимнаст Нариман Курбанов Парижде күміс медаль жеңіп алды

Жарияланды 3 Тамыз 2024 21:35

(жаңартылды 5 Тамыз 2024 09:49)
Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General News бөлімінің редакторы a.tolendi@kursiv.media
Фото: Ұлттық Олимпиада комитеті

Нариман Курбанов Париж Олимпиадасында спорттық гимнастика, дәлірек айтқанда, ат үстіндегі жаттығудан күміс медаль жеңіп алды.

Қазақстандық спортшы Нариман Курбанов жаттығуды ең бірінші болып орындап, 15.433 ұпай алды. Ол базалық қиындығы 6.7-ге тең жаттығуды сәтті орындап шықты. Осылайша отандасымыз Қазақстан қоржынына 4-медальді салды.

Бұл сында алтын медальді ирландиялық Риз Макленаген иеленді. Оның ұпай көрсеткіші – 15.533. Ал қола медаль америкалық Штефан Недорочектің еншісіне (15.300) бұйырды.

Сондай-ақ бүгін, 3 тамызда, бокстан әйелдер арасындағы 50 келі салмақтағы жекпе-жекте отандасымыз Назым Қызайбай колумбиялық Валенсия Лорена Ингритті жеңіп, жартылай финалға өтті. Спорттық гимнастиканың еркін жаттығуында Милад Карими үздік бестікке енді.

Естеріңізге сала кетейік, Париж Олимпиадасының алғашқы жарыс күні Қазақстан қоржынына алтын түсті. Ұлттық құрама көшбасшысы Елдос Сметов дзюдодан Олимпиада чемпионы атанды. Қазақ палуаны Париждегі ойындардың финалында Лука Мхеидземен (Франция) күресіп, қарсыласынан басым түсті. Сондай-ақ тағы бір дзюдошымыз Ғұсман Қырғызбаев пен нысанаға көздеп атудан мергендеріміз Ислам Сәтпаев пен Александра Ле қола жүлдеге ие болды..

Сондай-ақ оқыңыз