Трамп ФИФА президентін БҰҰ-ның бас хатшысы қызметінде көргісі келеді

Жарияланды 22 Шілде 2026 14:50

Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

General news бөлімінің аға журналисі s.ostemir@kursiv.media
REUTERS/Lee Smith, бильд-редактор: Дастан Шанай
REUTERS/Lee Smith, бильд-редактор: Дастан Шанай

АҚШ президенті Дональд Трамп ФИФА президенті Джанни Инфантиноны БҰҰ бас хатшысы ретінде көргісі келеді.

Бұл туралы New York Post басылымы жазды.

Басылымның мәліметінше, Трамп Инфантиноны әлемде беделі жоғары әрі «адамдарды біріктіре алатын ерекше қабілеті бар» тұлға деп санайды. Екеуі 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатын ұйымдастыру және өткізу барысында жақын араласқан.

56 жастағы швейцариялық Джанни Инфантино ФИФА-ны 2016 жылдан бері басқарады. Бұған дейін ол УЕФА-ның бас хатшысы қызметін атқарған.

Соңғы жылдары Инфантино әлемдік көшбасшылармен тығыз қарым-қатынасы үшін және футболдың саясаттануына жол берді деген сынға жиі ұшырап келеді.

Соңғы даулы оқиғалардың бірі 2026 жылғы әлем чемпионаты кезінде болды. New York Post мәліметінше, Дональд Трамп Инфантиноға АҚШ құрамасының шабуылшысы Фоларин Балогунның дисквалификациясын қайта қарауды сұрап, жеке қоңырау шалған. Кейін футболшының шеттетілуі жойылып, бұл Еуропада ФИФА-ға саяси араласу туралы сынның күшеюіне себеп болған.

Инфантиноның өзі шешімді тәуелсіз тәртіптік органдар қабылдағанын мәлімдеген.

Әзірге Инфантиноның БҰҰ бас хатшысы қызметіне қызығушылық танытып отырғаны белгісіз. Бұл лауазымға тағайындалу үшін кандидат алдымен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қолдауына ие болып, кейін Бас Ассамблеяның мақұлдауынан өтуі керек.

Сондай-ақ оқыңыз