«Самұрық-Энерго» өз акционері – «Самұрық- Қазына» қорынан 4,1 млрд теңге қаржы тартпақ

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
«Самұрық-Энерго» өз акционерінен тағы да 4,1 млрд теңге тартпақ / Коллаж: .kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандағы электроэнергетикалық активтерді басқаратын «Самұрық-Энерго» компаниясы өз акционері – «Самұрық- Қазына» қорынан 4,1 млрд теңге қаржы тартпақ. Ол үшін компания қор биржасына 4800 қарапайым акциясын орналастырып, оны «Самұрық-Қазына» басым құқықпен сатып алады.

Жалғыз акционердің шешімі Қазақстан қор биржасына орналастырылған. 1 қарапайым акцияны орналастыру бағасы – 861 875 теңге. Нәтижесінде «Самұрық-Қазына» 4800 акцияны 4,1 млрд теңгеге сатып алады.

Мамыр айында «Самұрық-Энерго» АҚ жалпы сомасы 59,7 млрд теңгеге 635 500 қарапайым акцияны орналастырған болатын. Бұл акцияларды да «Самұрық-Қазына» қоры басым құқықпен иеленген. Ол кезде қор 375500 акцияны – 96 470 теңгеден, қалған 260 мың акцияны 90 406 теңгеден сатып алған. Осылайша «Самұрық-Қазына» еншілес ұйымын жыл басынан бері 60 млрд теңгеге қосымша қаржыландырған.

Бірінші пакетті сатудан түскен қаражатқа «Самұрық-Қазынаға» тиесіл «Шүлбі СЭС» ЖШС-ні сатып алатыны хабарлаған. Ал екінші пакеттен түсетін 23,5 млрд теңгеге «Өскемен ГЭС АЭС» ЖШС-нің (Самұрық-Қазына» қорына тиесілі болған) жарғылық капиталындағы 100% үлесін сатып алу көзделген.

Компанияның тамыз айында орналастырған қарапайым акцияларының құны мамыр айында шығарған бағалы қағаздарынан 9-9,5 есе қымбат. Осылайша жыл басынан бері компания өз акционерінен 64 млрд теңгеге жуық қаржы тартады.

«Самұрық-Қазына» қоры – «Самұрық-Энергоның» жалғыз акционері. «Самұрық-Энерго» құрылымына 23 компания кіреді. Компанияның негізгі активтері Павлодар, Түркістан, Алматы облысында және Алматы қаласында орналасқан. «Самұрық-Энерго» тобына «Богатырь Көмір», «Алматы электр станциялары», «Екібастұз ГРЭС-1» және ГРЭС-2 (акцияларының 50%), Балқаш ЖЭО, «Алматы Энергосбыт» және т.б. кіреді.

Компанияның басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовтың айтуынша, «Самұрық-Энергоның» еншілес ұйымдарының 2023 жылы 35,3 млрд кВт/сағат немесе Қазақстанда шығарылған жалпы электр энергиясының шамамен 31%-ын өндірген. 2024 жылы электр энергиясын өндіру көлемін 39,2 млрд кВт/сағатқа дейін ұлғайту жоспарланған. Компанияның аудиттелмеген есебіне сәйкес, бірінші тоқсанда 4,6 млрд теңге шығынға ұшырады. 2023 жылдың дәл осы кезеңінде компания 24,9 млрд теңге пайда тапқан.

Сондай-ақ оқыңыз