Мәдениет министрлігі кинематографистер шағымынан кейін Бекмамбетов фильміне бөлінген грант сомасын 300 млн теңгеге қысқартты

Жарияланды 5 Тамыз 2024 11:41

(жаңартылды 5 Тамыз 2024 12:05)
Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General News бөлімінің редакторы a.tolendi@kursiv.media
/ Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Мәдениет министрлігі Тимур Бекмамбетовтің «Сапфир операциясы» фильміне бөлінген грант сомасын 700 млн теңгеден 400 млн теңгеге дейін қысқартты. Бұл туралы министрліктің «Курсивке» берген жауабында жазылған. Бюджет қазақстандық кинематографистердің шағымынан кейін төмендеді.

Мәдениет министрлігі «шығындардың орынды» болуына талдау жасағаннан кейін қысқартқанын жазады.

Сәуір айында «Ұлттық киноны қолдау» мемлекеттік орталығы киножобаларды іріктеу бойынша конкурс жариялады. Кеңестің шешімімен 375 жобаның ішінен екінші турға 101 жоба өткен. Алайда кеңестің алдында өз жобаларын таныстыруға 87 режиссер шақырылған, қалған 14 жоба құжаттарды толық ұсынбаған.

Жобаны таныстыруға шақырылғандар қатарында «Сапфир операциясы» фильмін ұсынған қазақстандық Cinegram компаниясы болған. Жоба Тимур Бекмамбетовке тиесілі ресейлік Bazelevs Entertainment Limited киностудиясымен бірлесіп түсірілуі тиіс екен.

Сарапшылар 18 киножобаны, оның ішінде «Сапфир операциясы» киножобасын одан әрі қаржыландыруды ұсынған. Өндірістік студия мәлімдеген сома шығындардың орындылығы, негізділігі тұрғысынан талдаудан өтетінін ескеру қажет. Қазіргі уақытта киножобаның бюджеті алдын ала 400 млн теңгеге дейін қысқарды.

Айта кетейік, еліміздің бірқатар кинематографисі Бекмамбетовтің фильміне қаржы бөлуге наразылық ретінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға ашықхат жолдаған.

«Біз, Қазақстан кинематографистері, бұл жағдайға жанашырлықпен қарап, мемлекеттік бюджеттен бөлінетін ақшаны өзге елдің азаматтарына шашпай, сондай-ақ Ұлттық кино атағын біздің елімізге қатысы жоқ кинотуындылардың алуына қарсымыз», – делінген Асанәлі Әшімовтің қолы қойылған ашықхатта.

Бұдан бөлек, кинематографистер 2012 жылдың басында қазақстандық тарап Бекмамбетовке «Қазақфильм» киностудиясымен бірлесіп «Алтын жауынгер» атты киножобаны әзірлеуге бюджет бөлгенін, алайда жобаның іске аспай қалғанын жазған.

«Тіпті жобаға жауапты кейбір басшылар мен шенеуніктер бүгінде бюджеттен ақша жымқырғаны үшін сотталған», – делінген кинематографистер ашық хатында.

Сондай-ақ оқыңыз