Жаңалықтар

Қостанай облысында Сібір күйдіргісі ауруы анықталып, бір ауылға карантин жарияланды

«Сібір күйдіргісі» ауруына байланысты Қостанай облысындағы Приречное ауылы карантинге жабылған / Фото: kursiv.media

Қостанай облысындағы Приречное ауылында ірі қара малы Сібір күйдіргісі ауруына шалдыққан. Осыған орай ауыл карантинге жабылған.

«Қостанай облысының Приречное ауылында ірі қара малдан сібір күйдіргісі анықталуына байланысты карантин енгізілді»,- деп хабарлайды Eldala басылымы.

Шектеулер Свердлов ауылдық округі әкімінің шешімімен сырқаттану бойынша жағдай тұрақтанғанға дейін белгіленген.

Приречное ауылы Денисовский ауданында орналасқан. Әзірге ауырған малдың саны туралы мәлімет жоқ.

Айта кетсек, су тасқыны кезінде Қазақстанның 3 өңірінде сібір күйдіргісі ауруымен ауырған мал көмілген 10 орынды су шайғаны хабарланды. Ақтөбеде-3, БҚО-да – 3, СҚО-да – 4 орынды су басқан болатын.

Ал оған дейін Жетісу облысының мал дәрігерлері «Сібір күйдіргісі» ауруымен ауырған мал жерленген 33 орынды оқшауламағаны айтылды. Ветеринарлар аса қауіпті аурумен ауырған малдардың жерленген жеріне дұрыс қадағалау жүргізбегені белгілі болды.

Алматы маңында да мұндай орындарға дұрыс көңіл бөлінбегенін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі анықтаған болатын. Агенттік мұндай қауіпті орындарға жақын маңға тұрғын үй кешені салынып кеткенін хабарлады.

Сібір күйдіргісі – қойда – топалаң, жылқыда – жамандат, ірі қарада – караталак, түйеде – ақшелек, қарабез деп аталады. Бұл аурумен мал және жабайы жануарлар ауырады. Ауруды бациллус антрацис микробы коздырады. Жұқпалы ауру жіті түрде өтеді және мал үшін де адам үшін де аса қауіпті саналады.