Жаңалықтар

Үкімет шегірткеге қарсы күресу үшін 100 дрон сатып алмақшы

Бұл дрондар 2025 жылы алқаптарды өңдеу және мониторинг жүргізу үшін қажет болады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Үкімет шегірткеге қарсы күресу үшін 100 дрон сатып алмақшы. Дрондар мониторинг жасау үшін қажет болады. Бұл туралы Премьер-Министр орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Үкіметтегі орталық штаб отырысында белгілі болды.

Жиында шегірткеге қарсы қорғаныс шаралары барлық өңірде аяқталғаны айтылды. Жалпы 3,1 млн гектарды құрайтын алқап өңделген. Бұл биыл болжанған 2,5 млн гектар көрсеткіштен 23%-ға жоғары. 

«Болжамды көлемнің іс жүзінде асып кетуі жаңа таралу ошағы анықталған жерлерді қайта өңдеуге байланысты қалыптасты. Тұрақты мониторинг, дрондармен қоса техниканы зиянкестердің белсенді таралу орындарына жедел көшіру, орталық үкіметтік және өңірлік деңгейлердегі жағдайды қолмен басқару және бақылау, шекара маңы мемлекеттерінің аграрлық ведомстволарымен тығыз өзара іс-қимыл өз нәтижесін берді – биыл фермерлердің егістіктері шегірткеден зардап шеккен жоқ»,—  делінген хабарламада.

Дегенмен кейбір өңірлерде шегірткенің қайта көбейіп кету қауіпі бар, сондықтан тағы бір апта бақылау жүргізілетін болады. Сондай-ақ Жұманғарин зиянкестерге қарсы күресте дрондар пайдаланылатынын мәлімдеді.

«Биылғы жоспарда – шегірткенің таралу көлемі бойынша болжам жасау және өңірлерде фитосанитариялық инспекциялар пайдаланатын дернәсілдердің пайда болу орындарын мониторингтеу үшін 100 дрон сатып алу қарастырылған. 2025 жылы алқаптарды өңдеу үшін дрондар сатып алу жоспарлануда», —  деп хабарланды жиын барысында.

Осыған дейін Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті шегірткемен күреске бөлінген қаражаттан 1,5 млрд теңге үнемделгенін хабарлады. Еске сала кетсек, 2024 жылы үйірлі шегірткемен күресу үшін республикалық резервтен 8,1 млрд теңге бөлінген. Көктемде елдің 2,5 млн га алқабында табын шегірткелері таралады деп болжанған.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров елімізде шегірткенің зардабын есептейтін әдістеме жоқ, десе де шегірткеден шаруаларға шығын келмеді деп мәлімдеген болатын.