Салатанат Нүкенованы аса қатігездікпен өлтіргені үшін 24 жылға сотталған Қуандық Бишімбаев пен қылмысты жасырған Бақытжан Байжановтың ісі Жоғарғы сотқа түскен. Сот кабинетіндегі жазбада сот ісі 2 тамызда басталып, 5 тамызда судьяға берілгені жазылған.
Жоғарғы сот кабинетінде қылмыстық іс тарапы Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжанов деп көрсетілген.
Алайда Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов сотталушының өзі де, қорғаушылары да Жоғарғы сотқа шағым түсірмегенін мәлімдеді.
Еске сала кетейік, 2023 жылы 9 қарашада Астанадағы Bau мейрамханасында экс-министр Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен ұсталды. Президент Бишімбаевтың ісін ерекше бақылауға алуды тапсырған болатын.
Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот үкімі 13 мамырда шықты. Сот үкімімен Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Бишімбаев жасаған қылмыс қауіпті қылмыстың рецидиві деп танылды. Байжанов аса қауіпті қылмысты жасырғаны үшін кінәлі деп танылып, 4 жылға сотталды.
26 маусымда Астанада Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжанов ісі апелляция сатысында қаралды. Апелляциялық сот бірінші инстанцияда шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды.
23 шілдеде Бишімбаев қауіпсіздігі барынша жоғары түрмеге ауыстырылғаны белгілі болды.