«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ ҚР Энергетика министрлігімен бірге Түркістан облысының Созақ ауданында орналасқан және Қазақстанның негізгі уран кен орындарының бірі – Инкай кен орнының екі учаскесі бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарға қосымша толықтырулар енгізді.
Сонымен қатар кен орнының №2 учаскесінде жер қойнауын барлауды 4 жылға ұзартты. С2 санаты бойынша №2 учаскедегі уран қоры 42 мың тоннадан асады. Барлау жұмыстары аяқталғаннан кейін, қорлардың бір бөлігі С1 санатына ауыстырылады.
Инкай кен орнының №3 учаскесінде уран өндіруге арналған келісімшартқа қосымша жер қойнауын пайдалану құқығы «Қазатомөнеркәсіптің» 100% еншілес ұйымы «Қазатомөнеркәсіп-SaUran» ЖШС пайдасына берілді. Бұл ретте № 3 учаскедегі уран қоры С1+С2 санаттары бойынша 83,1 мың тоннаға бағаланады.
«Бұл шешім ұзақмерзімді перспективада өндірісті тұрақтандыруға көмектесіп қана қоймайды, сонымен қатар жұмыс орындарын сақтап, мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдерін ұлғайту арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етеді», – деп атап өтті «Қазатомөнеркәсіптің» басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов.
«Инкай» бірлескен кәсіпорны» ЖШС Түркістан облысы, Созақ ауданындағы кен орнын игеру үшін құрылған. Негізгі қызметі – жерасты ұңғымаларының көмегімен шаймалау арқылы уран өндіру. Оның 60% үлесі «Қазатомөнеркәсіпке», 40%-ы канадалық Cameco компаниясына тиесілі.
Еске сала кетсек, «Қазатомөнеркәсіп» Инкай кен орнын игеруді 2023 жылы бастады. Компания жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт 25 жыл мерзімге жасалатынын хабарлаған еді.
2024 жылғы маусымда компания Инкай кен орнында уран өндіруге жаңа келісімшарт алды.