Жаңалықтар

Kazzinc үлескері: Glencore трейдерлік компаниясы Швейцарияға 150 млн доллар көлемінде өтемақы төлейді

Glencore компаниясы жемқорлық әрекеттердің алдын алмады деп айыпталды / Фото: kursiv.media

Жаһандық трейдерлік компания Glencore Швейцарияға 2 млн швейцариялық франк көлемінде айыппұл, 150 млн доллар көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелді. Швейцария билігі компанияны жемқорлыққа қатысы бар деп айыптап, оның үстінен қылмыстық іс қозғаған болатын. 4 жылға созылған тергеу ісінің аяқталғаны туралы компанияның ресми сайты хабарлады.

«Швейцария Бас Прокурорының Glencore International AG («GIAG») компаниясына қатысты қылмыстық тергеуі қысқартылған айыппұл және жұмыстан босату туралы бұйрық негізінде тоқтатылды», – деп хабарлаған компания.

Трейдер 2011 жылы Конго республикасында екі тау-кен өндіруші компанияның миноритарлық акцияларын сатып алғаннан кейін, бизнес серіктесінің шетел шенеуніктерінен пара алуына жол берген және жемқорлықты тыю үшін тиісті шаралар қолданбағаны үшін айыпталды.

Тергеу барысында Glencore өз қызметкерлерінің іскери серіктесінің пара алғанынан бейхабар екенін, бизнес серіктесінің бұл әрекетінен қаржылық пайда көрмегенін мәлімдеді.

Осы заң бұзушылықтар үшін компанияға 2 млн швейцариялық франк мөлшерінде айыппұл салынған. Сондай-ақ прокуратура бизнес серіктесі алған болжамды жеңілдіктерге қатысты 150 миллион доллар көлемінде өтемақы өндіруге міндеттелді. Ресми түрде Glencore сот шешімімен толық келіспейтінін жеткізді. Бірақ бұл мәселені тезірек шешу мақсатында тәртіптік бұйрыққа шағымданбауға келіскен.

Glencore компаниясының төрағасы Калидас Мадхавпедди 13 жыл бұрын болған заңсыздыққа қатысты істің көпке созылмай, ертерек шешілгенін атап өткен.

«Glencore 13 жылдан астам уақыт бұрын болған оқиғаларға қатысты осы тергеудің аяқталғанына қуанышты. Осымен тарихи заңсыздыққа қатысты бұрын жарияланған үкіметтің соңғы тергеуі аяқталды», – деп мәлімдеген.

Glencore – Швейцариялық сауда, логистика және тау-кен компаниясы, минералдар, түсті металдар және басқа энергия түрлерін тасымалдаумен айналысады.

Айта кетейік, Glencore-дің қазақстандық түсті металдар өндіретін Kazzinc-те үлесі бар. Швейцариялық трейдер бұл компанияның 70 пайызына иелік етеді. Ал қалған үлесі (29,8%) «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясына тиесілі.

Мұның алдында трейдердің Kazzinc-тегі үлесін сататыны туралы хабар тараған. Бірақ Glencore Plc қазақстандық тау-кен өндіруші Kazzinc компаниясының 70 пайыздық үлесінің құнын әлеуетті сатып алушылар дұрыс бағалай алмаған соң, сату жоспарынан бас тартқан.