Жаңалықтар

BofA биржаларда өсім көрсететін акцияларды атады

Фото: Reuters/Brendan McDermid

Bank of America стратегі Савита Субраманьян қор нарығындағы құбылмалылық әлі де сақталады деп есептейді. Сондықтан ол оннан астам қалқан акцияны сатып алуды ұсынып отыр. Оның пікірінше, бұл қадам инвесторлардың жүрегін тыныштандырады.

Толығырақ

5 тамыз күні қор нарығы ерекше құбылды әрі бұл жағдайдың жуық арада аяқтала қоюы неғайбыл. BofA өкілі Субраманьянның айтуынша, инвесторлар бұл жағдайға да бой үйрете бастауы керек деп жазды Business Insider. Стратег АҚШ-та президенттік сайлау өтетін жылдары CBOE құбылмалылық индексі (VIX «қорқыныш индексі» деген атаумен де белгілі) әдетте саяси белгісіздік жағдайында шілдеден қарашаға дейін өсетінін еске салды.

«Ең тиімді хедж (сақтандыру – «Курсив») – жоғары сапалы акцияларға иелік ету», – деді Субраманьян. Сол себепті BofA талдаушысы инвесторларға «қорықпай ұйықтауға» мүмкіндік беретін қалқан акцияларын сатып алуды ұсынды.

Акцияларды талдау кезінде талдаушы S&P 500 индексіндегі тұрақты кірісі мен дивидендтері бар, бета-коэффициенті (нарықтық тәуекел өлшемі) төмен, инвестициялық қорлардың өз капиталына қатысу үлесі аз әрі Bank of America-ның «сатып алуға болады» деген рейтингіне енген «көгілдір фишкаларға» ерекше назар аударды. Субраманьянның түсіндіруінше, акциялардың сапасы олардың құбылмалылығының өзгеруіндегі мінез-құлыққа тікелей байланысты. Әлдеқайда сапалы акциялар әдетте VIX индексі өскен кезде нарыққа қарағанда жақсы сатылады, ал сапасыз акциялардың сатылымы тіпті төмендеп кетеді.

BofA ұсынған акциялар

BofA сарапшыларының тізіміндегі бағалы қағаздардың көбі бірінші кезекте тұтынуға қажетті тауарлар, денсаулық сақтау, жылжымайтын мүлік және коммуналдық қызметтер сегменттеріне тиесілі. Яғни бұлар қорғаныс секторлары болып саналады. Өйткені экономикалық құлдырау кезеңінде де бұлардың өнімдері мен қызметтеріне деген сұраныс тұрақты болып қалады. Bank of America мәліметінше, мұндай кезеңдерде бұлар әдетте нарықтан да асып түседі.

Күнделікті тауарлар сегментінде банк Procter & Gamble, Kroger, PepsiCo және Walmart акцияларын ұсынады. Қаржы нарықтарындағы жаһандық құлдырауға қарамастан, бұлардың акциялары Нью-Йорктегі соңғы бес сессияда өскен немесе аздап төмендеген.

Инвесторлар коммуналдық сектордағы Consolidated Edison (соңғы бес сессияда 2,4% өсім), Alliant Energy (0,2% төмендеді) және CMS Energy (0,4% төмендеді) компанияларының акцияларына назар аударуы керек.

BofA іріктеп ұсынған денсаулық сақтау саласындағы компаниялардың қорғаныс акцияларына ResMed (4,7% өсім) және Quest Diagnostics (3,1% өсім) жатады.

Банк инвесторларға жылжымайтын мүлік секторындағы Essex Property Trust (0,15% төмендеді) және Digital Realty Trust (1,1% өсті) акцияларын сатып алуды ұсынады.