Украина Ресейдің Курск облысына басып кірді: Путин мұны арандату деп атады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Украина Ресейдің Курск облысына басып кірді / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Украина Ресейдің Курск облысына басып кіргеннен кейін, Ресей президенті Владимир Путин бұл әрекетті арандату деп атады.

«Киев режимі кезекті ауқымды арандату жасады. Қарапайым азаматтар тұратын тұрғын үйлер, ғимараттар, жедел жәрдем көліктеріне зымырандар атып, кездейсоқ атыс жүргізуде», – деді Путин үкімет мүшелерімен кездесу барысында.

РИА Новости ақпаратына сүйенсек, Курск облысының губернаторы Алексей Смирнов аймақтан тұрғындарды көшіру басталғанын хабарлаған. Алғашқы күні облыс аумағынан мың адам кеткен.

Униан басылымының жазуынша, 6 тамызда Украина-Ресей шекарасы аумағында орналасқан Курск облысы аумағына украин әскері басып кірген. Украина әскерінің бас штабы бұл туралы ресми түсініктеме бермеген.

Ресей әскерінің бас штабы жағдай туралы 7 тамызға қараған түні ғана хабарлаған. 

2022 жылы 24 ақпанда Ресей Украинаға қарсы «Арнайы әскери операция» деген атпен ауқымды соғыс бастады. Шабуылдың мақсаты ретінде Украинаның Донецк және Луганск облыстарының тәуелсіздігін қамтамасыз ету аталған болатын. Ресей оларды ресми түрде Донецк халық республикасы және Луганск халық республикасы деп атайды.

2022 жылы маусым айында Петербор экономикалық форумына барған кезде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Донецк және Лугансктің тәуелсіздігін мойындамайтынын және БҰҰ тізіміне жататын 193 елдің ғана тәуелсіздігін мойындауға дайын екенін айтқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз