Жаңалықтар

KASE араб цифрлық сауда платформасы Tabadul Hub-қа қосылды

KASE Tabadul мүшелерінің тізіміне енген алтыншы қор нарығы / Архив: kursiv.media

«Қазақстан қор биржасы» АҚ және «KASE клиринг орталығы» АҚ 7 тамызда Abu Dhabi Securities Exchange құрған Тabadul Digital Exchange Hub цифрлық биржалық хабына ресми түрде қосылды. Осылайша KASE Tabadul мүшелерінің тізіміне енген алтыншы қор нарығы болып отыр.

Бұл ынтымақтастық қандай мақсатпен жасалды?

«Ол ұйымдар арасындағы екіжақты кросс-биржалық сауда-саттықты жүзеге асыруға, олардың стратегиялық серіктестігін нығайтуға және қос биржа арасындағы іскерлік қатынастардың мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді», – деп хабарлады сауда алаңы.

Сонымен қатар KASE-нің Tabadul Hub-ына қосылуы инвесторлардың инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді. Tabadul хабында банктік, қаржылық қызметтер мен энергетикадан бастап телекоммуникацияға дейінгі әртүрлі секторлардың саудаланатын бағалы қағаздарына қол жеткізе алатын миллионнан астам инвесторлар тіркелген.

«Қазақстан қор биржасының Tabadul Hub-ына қосылуы қазақстандық қаржы нарығының қатысушыларына тиімді инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтеді. Tabadul Hub-ына қолжетімділікті қамтамасыз ету қазақстандық қор нарығында өтімділікті арттыруға және жеке, сол сияқты институционалдық шетелдік инвесторлар санын ұлғайтуға ықпал ететін болады», – деді KASE Басқарма Төрағасы Алина Алдамберген.

Бұл ретте қазақстандық инвесторлар Abu Dhabi Securities Exchange, Bahrain Bourse, Muscat Stock Exchange биржаларында шетелдік бағалы қағаздармен сауда-саттық жүргізе алады. Тағы бірнеше халықаралық биржалар осы жүйеге қосылу бойынша жұмыс жүргізуде. Сауда алаңы мүшелерінің мәмілелері бойынша есеп айырысулар KASE клиринг орталығы арқылы төл валютамыз – теңгемен жүргізіледі.

Еске сала кетсек, бұған дейін қазақстандықтар араб компанияларының акцияларын AIX арқылы сатып ала алатыны белгілі болды.