Жаңалықтар

Баффет жақсы көретін жапон акциялары инвесторлардың қызығушылығын тудырды

Фото: Reuters/Rick Wilking

Акциялардың жаһандық жаппай сатылымына байланысты Уоррен Баффетке тиесілі Berkshire Hathaway инвестициялық компаниясының жапон сауда үйлерінің акцияларынан тұратын портфелі шамамен 4 млрд долларға кеміді. Сондай-ақ аталған акциялар нарыққа қарағанда әлдеқайда төмендеген. Сарапшылар демек бұл жағдай акцияларды жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндік береді деп отыр.

Толығырақ

Bloomberg мәліметтері бойынша, осы аптаның басындағы нарықтың құлдырауы кезінде Berkshire жапондық акцияларының құнынан шамамен 980 млрд иен жоғалтты. 7 тамыздағы сауда-саттықтың жабылатын сәтіне қарай шығындар 550 млрд иенге (3,7 млрд долларға) дейін қысқарды. Өйткені Жапонияның қор нарығы аздап қалпына келген-ді.

Тамыз айындағы сатылым кезінде Жапонияның ең ірі сауда үйлерінің акциялары нарықпен салыстырғанда едәуір төмендеді. Бұған иенді нығайту акциялардың шетелдегі кірісін төмендетуі мүмкін деген қауіп түрткі болды. Әсіресе, Marubeni және Mitsui & Co акциялары 31%-ға арзандады. Аталған екі холдингтің нарықтық бағасы 7 тамыздағы жағдай бойынша P/E 7,5 және P/E 9,1 көрсеткішіне дейін төмендеді. Бұл өткен жылдың сәуір-маусым айларының деңгейімен бірдей. Былтыр Баффет дәл осы кезеңде бұларды сатып алып, өз үлесін арттырған болатын.

Сарапшылар не дейді?

Bloomberg Токиодағы T&D Asset Management бас стратегі Хироши Намиокудің «Осы уақытқа дейін Баффет бағалы қағаздарға инвестиция салуда табысқа жетті және ол жапондық акциялардың қазіргі бағалауынан да жаңа мүмкіндікті көруі мүмкін», – деген пікірін жариялады.

Berkshire жапондық бес сауда үйінің – Marubeni, Itochu, Sumitomo, Mitsui және Mitsubishi-дің шамамен 8,2% үлесіне ие. Егер Баффет жапондық сауда үйлеріндегі үлесін ұлғайтуды жөн санаса, онда оның қолында екінші тоқсанда Apple акцияларын сатудан жинақталған 276,9 млрд доллар көлемінде қолма-қол ақша барын ұмытпайық.

«Егер Баффет оларды жеңілдетілген бағамен сатып ала алса, бұл жақсы мәміле болмақ», – деді Bito Financial Service басшысы Минео Бито. Ол 2014 жылдан бері Berkshire акционерлерінің жиналыстарына қатысып келеді. «Баффет сауда үйлерін жақсы көреді. Өйткені бұлар Berkshire ұқсайды: әртүрлі активтері бар ірі компаниялар саналады. Мен оның қазіргі уақытта өз үлесін сатқанын елестете алмаймын», – деді Бито.

Инвестор нені білуі керек?

Berkshire инвестиция салған бес сауда үйін бес үлкен холдинг деп қарастыру керек. Бұлардың рөлі – Жапонияға энергия ресурстарын, минералдар мен азық-түлікті импорттау және дайын өнімді экспорттау. Баффет оларды Berkshire-дің өзіне ұқсатады. Бұлардың ұзақ мерзімді инвестициялары бар, портфелі де әртараптандырылған және баға мен ақша ағынына назар аударады.

Баффет алғаш рет жапондық компаниялардағы үлесін 2020 жылы ашты. Ол өткен жылдың сәуір айында Жапонияға сапары кезінде жапондық сауда үйлеріндегі үлестердің артқанын хабарлаған еді. Инвесторлар бірден осы жолды ұстанып, бес сауда күнінде жапондық акцияларды 7,8 млрд долларға сатып алды.