Қаңтар оқиғасы кезінде билікті асыра пайдаланды деген айыппен бұрынғы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Тұрғымбаевтың ісін қарау кезінде оның билікті асыра пайдалануы ауыр зардаптарға әкеп соққанын жазады. Экс-министрге Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігі бойынша айып тағылған.
«ҚҰПИЯ» белгімен қаралған сот ісінде министрдің өз кінәсін мойындағаны белгілі. Іс жабық сот отырысында қаралды. Сот ақпаратына сүйенсек, Тұрғымбаев өз кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкініш білдірген.
Мемлекеттік айыптаушы соттан Тұрғымбаевқа 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Алайда Қылмыстық кодекстің 63-бабы негізінде жазаны пробациялық бақылауды белгілей отырып, шартты түрде өтеу мүмкіндігі болуын қоса сұрады.
Сот прокурор сұраған жазаны кескен. Яғни 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырып, 10 жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырған. Сот сотталушының кінәсін мойындауын, оның шын жүректен өкінуін және алғаш рет қылмыс жасауын ескерген.
Бұған қоса, экс-министрді барлық атағы мен мемлекеттік наградасынан айыру үшін президентке ұсыныс хат жіберілген.
29 сәуір күні кешке отандық БАҚ-та экс-министрдің Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғаны жайлы ақпарат тарады. Хабарламада арнайы прокурорлар мұндай шешімді Тұрғымбаевқа қатысты 2022 жылғы қаңтардағы қайғылы оқиға кезінде «қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында шығарғаны» жазылған. Қантар оқиғасынан кейін, Ерлан Тұрғымбаев Ішкі істер министрлігінің басшысы қызметінен босатылған болатын.
Наурызда қазіргі Ішкі істер министрі Ержан Сәденов экс-министр Тұрғымбаевтың қылмыстық іс бойынша айыпталушыға айналғанын растаған. Бірақ құзырлы орган өкілі оны қандай баппен, қай ведомство тергеп жатқанын нақтыламаған.
Сот бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішті Қаңтар оқиғасына байланысты 8 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырған.