Париж-2024: Қазақстандық боксшы Нұрбек Оралбай Олимпиаданың күміс жүлдегері

Жарияланды 8 Тамыз 2024 06:57

(жаңартылды 8 Тамыз 2024 09:50)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com

Париж-2024: Қазақстандық боксшы Нұрбек Оралбай Олимпиаданың күміс жүлдегері / фото Ұлттық Олимпиада комитеті

Бокстан Қазақстан командасының мүшесі Нұрбек Оралбай Париж Олимпиадасының күміс медалін иеленді деп хабарлайды Olympic.kz. 

Ерлер арасында 80 келі салмақта жұдырықтасқан Оралбай финалда украиналық Александр Хижнякқа есе жіберді. 

Айта кетейік, қазақстандық боксшы жартылай финалда доминикандық Кристиан Пиналесті жеңсе, ширек финалда Мурад Аллахвердиевті (Әзірбайжан) тізе бүктірген болатын.

Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Париж Олимпиадасын қорытындылап пікір білдірді.

«Бұл Олимпиадада біз күтпеген сенсация көп болды. Әлемнің бес дүркін, Олимпиаданың екі дүркін чемпиондары да жүлдеге іліге алмай қалды. Париждегі ойындарда бізге алтын бұйырмады. Бірақ жігіттерге еш реніш жоқ. Көпшілік сынағандай шаршамады, барын салды. Ешкім де жеңісті қолдан бермеді. 

Бұл Олимпиада бәрімізге сабақ болатыны анық. Осымен екінші Олимпиадада алтынсыз қалып отырмыз. Бірақ мен қазақ боксының жеңісті дәстүрге қайта оралып, аяққа нық тұрарына сенемін. 

Финалға келер болсақ, иә, Александр Хижняк толассыз шабуыл жасады. Бірақ оның соққыларының соңы ғана тиді Нұрбекке. Ал дәл әрі таза соққыларды біздің жігіт тигізді. Оны қайталаудан да көрген шығарсыздар», – деді Айтжанов.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстан қоржынына грек-рим күресінен Демеу Жадыраев күміс жүлде салды.

Осылайша, Қазақстан қоржынында 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль бар.

Сондай-ақ оқыңыз