Жаңалықтар

Батысты басып озды: Қытай автонарығында электромобиль мен гибридті көліктер жалпы сатылымның 50%-ын құрады

Қытайда электромобильдер мен гибридті көліктер сатылымы шілде айында 37%-ға артқан / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қытайда шілде айында электромобильдер мен гибридті көліктер (NEV) дәстүрлі көлік құралдарымен тең көлемде сатылған. Солайша бұл нарық бойынша рекорд орнатқан. Бұл жайлы Reuters басылымы хабарлады.

«Шілде айында Қытайда сатылған көліктердің тең жартысы электрлі көліктер мен гибридті көліктер болды»,- деп жазады басылым.

Қытайдың жолаушылар көлігі қауымдастығының мәліметіне сенсек, жаңа энергия көздерін тұтынатын көлік сатылымы шілде айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37%-ға артқан. Бұл – жалпы сатылымның 50,7%-ы.

Басылымның хабарлауынша, электромобильдердің осыншалықты көлемде сатылуы бұл салада Қытайдың Батыстағы әріптестерінен айтарлықтай алда келе жатқанын көрсетеді. Мұны соңғы айлардағы статистикалық көрсеткіштер де дәлелдей түседі. Мәселен, маусымда NEV сатылымы 28,6%-ды құраған. Солайша таза электрлі көліктердің нарығы шілдеде маусымдағы 9,9%-дан 14,3%-ға өскен.

Дегенмен Қытайдың ішкі нарығында автокөлік сатылымының көлемі 3,1%-ға төмендеген. Сарапшылар бұған елдегі ұзаққа созылған жылжымайтын мүлік дағдарысы әсер еткенін айтады. Бұдан кейін Қытайдың мемлекеттік жоспарлау агенттігі шілде айының соңында көлік сатып алу үшін ақшалай субсидиялар көлемін арттырғанын хабарлады. Үкімет субсидияны 20 000 юаньға (2 785 доллар) яғни, екі есеге дейін ұлғайтқан. Солайша билік ішкі нарыққа дем беру шараларын қолға алған.

Қытай тек электромобиль нарығында ғана емес, сонымен біге жалпы автонарықта әлемдегі автоалпауыттардан озып кетті. Мәселен, 2023 жылдың көктемінде көрші ел Жапонияны басып озды. Солайша Қытай әлемдегі ең ірі көлік экспорттаушысы атанды.

Айта кетейік, Қытайдың электромобиль өндірісі нарығындағы қарқыны әлем елдерін таңғалдырып отыр. 2016-2022 жылдар аралығында мемлекет электрлі және гибридті қозғалтқыштағы автомобильдер өндірісін қолдауға 57 млрд доллар бөлді. 2023 жылы 72 млрд долларға негізделген салық жеңілдігінің жаңа төрт жылдық бағдарламасын жариялады.

Қытайдың бұл салада әлем бойынша көш бастауына қандай факторлардың әсер еткені жайлы «Курсив» тарқатып жазған болатын.

Сонымен бірге қытайлық автоөндірушілер жасаған жаңа жаһандық автомобиль тренді жайлы осы жерден оқи аласыздар.