Орталық Азия + Жапония: Токиолық дрифт
Астанада 9-12 тамыз күні Орталық Азия елдерінің мемлекет басшыларының консультативті кездесуі өтпек. Бұған Жапония премьер-министрі Фумио Кисиданың аймаққа арнайы сапары түрткі болып отыр. «Орталық Азия + Жапония» мемлекеттері басшыларының алғашқы саммитінің басталуына санаулы күн қалды.
Жапония бұл бас қосуда аймақтағы бес елге экономикалық көмек ұсынып, Орталық Азияның дамуы жөнінде өз ұсыныстарын айтпақ. Токио Орталық Азия мен Еуропаны жалғайтын Транскаспий халықаралық көлік маршрутының дамуына жердем беруге ниетті.
Жапония мен Қазақстанды не байланыстырады?
Күншығыс елі алғашқылардың бірі болып 2004 жылы «С5+1» форматын ұсынған-ды. АСЕАН секілді іргелі ұйым құруды көздеген. Бірақ ол кезде біздің елдеріміз бұған мүлде дайын болмады.
Жапония бұған дейін де еліміздегі көлік инфрақұрылымының дамуын қолдап келген. 2017 жылы Nippon Express жапониялық компания Қазақстан темір жолдарымен меморандумға қол қойған болатын. Мақсат – Жапония, Оңтүстік Корея және Орталық Азия елдері арасындағы құрлық тасымалын жандандыру.
Жапонияның аймақта салмағы бар деп айта алмаймыз. Ресми мәліметтер бойынша, Қазақстан мен Жапония арасындағы тауар айналымы былтыр 2,1 миллиард доллар болыпты. Жапонияның Қазақстанға салған инвестициясының көлемі – 7,8 миллиард доллары көлемінде. Қазақстан Жапонияға ферроқорытпа (87 пайыз), шикі мұнай (10 пайыз), алюминий (1 пайыз), тантал (бір пайыз) жөнелткен. Жапониядан алдыртқан импортқа тоқталсақ, нәтиже мынадай: автокөліктер (65 пайыз), жүк көліктері (4 пайыз), құрылыс техникасы (4 пайыз), автодөңгелектер (3 пайыз), медициналық құралдар (2 пайыз).
Жапония – уран өндіруде еліміздің маңызды серіктестерінің бірі. Сондай-ақ Жапонияның Inpex мұнай-газ компаниясы Қашаған жобасының бір қатысушысы.
Орталық Азияның маңызы артып келеді
«Орталық Азия +» форматы қысқаша«С5+1» деп аталып жүр. Жапония – «үлкен жетілікке» кіретін, технологиясы озық, дамыған ел. Мұндай мемлекеттің премьер-министрінің Орталық Азия елдерінің басшыларымен кездесуге ұмытылуы тегін болмаса керек. Дипломат Қазбек Бейсебаевтың пікірінше, бұл геосаяси сілкіністерге байланысты аймақтың маңызы артқанын білдіреді.
«Орталық Азия + форматы арқылы бұған дейін АҚШ, Еуропа Одағы, Ресей, Қытай, араб елдерімен кездесу өтті. Бұл нені көрсетеді? Орталық Азияның орны ерекше екенін байқатады. Бұл аймақ қазба байлықтарға бай. Мұнайды айтпағанда, сирек кездесетін металлдар бар», – дейді Қазбек Бейсебаев.
Оның пікірінше, әлемде жаңа тәртіп орнап жатыр. Сондықтан халықаралық мәселелер де күн тәртібіне шықпақ.
«Жапонияның біздің көршілеріміз – Қытай және Ресеймен қарым-қатынасында салқындық бар. Бірақ бізге деген көзқарасы жақсы. Біз – тәуелсіз мемлекеттерміз. Біздің өз мүддеміз бар. Жапониямен қарым-қатынасты ертеден нығайту керек еді деп есептеймін. Өйткені бұл елден үйренеріміз көп. Инвестиция әлеуеті де жоғары. Жапония Арал секілді экологиялық мәселелерімізге көмектесіп келеді. Олардың қолында технологиясы бар. Бізде шикізат бар», – дейді Қазбек Бейсебаев.
Ресей мен Украина арасында соғыс басталғаннан кейін Орталық Азияға қызығушылық күрт артқан. Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедтің айтуынша, соңғы жылдары геосаяси ойыншылар Орталық Азияға қатысты саясатын күшейте түсті. Бұл жайт осы форматқа екінші өмір сыйлады.
«Польша, Румыния және басқа да елдермен тікелей емес, Еуродақпен жұмыс істеп үйреніп қалдық. Оларға да Орталық Азия елдерімен бір аймақ ретінде жұмыс істеген қолайлы. Бізге де ыңғайлы. Жапония кездесуінің алдында Орталық Азия елдерінің консультативті кездесуі болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия ренесансы» туралы сөз қозғауы тегін емес», – дейді.
Ресей неге наразы?
«Орталық Азия + Жапония» саммитін Кремль салқын қабылдап отыр. Ресейдің сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова «Орталық Азия мен Ресей арасындағы байланысқа зиян келтірмек» деп Жапонияны кінәлады.
«Жапонияның мыңдаған шақырым шалғай жатқан Орталық Азияға енуге талпынысында экономикалық мүдде жатқан жоқ. Бұл – Вашингтон әкімшілігінің пәрмені. Осы аймақ пен Ресей арасындағы ондаған жылдар бойы қалыптасқан шаруашылық байланысқа зиян келтіруді көздейді. Мұны бірнеше мәрте айтып өткенбіз», – деп мәлімдеді ресми өкіл.
Қазақстандық сарапшылардың пікірінше, Астананың сыртқы саясаттағы белсенділігі өзге елдерге қарсы бағытталмаған. «Белсенді бейтараптық» қағидасын ұстанады.
Саясаттанушы Толғанай Үмбеталиева «Орталық Азия +» форматы сыртқы ойыншылардың идеясы екенін жасырмайды. Алғаш АҚШ-тың бастамасымен осындай бас қосу өткен. Кейін оған Еуропа Одағы және өзге де елдер қосылды.
«Әрине, бұл Орталық Азия елдері үшін жақсы нәрсе. Осының арқасында аймақтағы елдер ортақ ұстаным қалыптастыруға ұмтылып жатыр. Бұл арқылы сағатымыздың бірдей жүріп тұрғанын тексере аламыз. Бізге жиі кездесіп, жиі кеңесіп тұруға мүмкіндік береді. Қазір консультативті кездесулерді көріп отырмыз», – дейді Толғанай Үмбеталиева.