Жаңалықтар

Кейбір энергия өндіруші компаниялардың тарифі 40% қымбаттауы мүмкін

Кейбір компаниялардың тарифі қымбаттауы мүмкін / Фото: shutterstock.com

Кейбір энергия өндіруші компаниялардың тарифі 40%-ға дейін қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы Энергетика министрлігінің «Ашық НҚА» порталында орналастырылған бұйрығында жазылған.

«Электр энергиясына шекті тарифтерді бекіту туралы» қаулыға сәйкес, 2024 және 2025 жылдары электр энергиясының шекті тарифінің көтерілуі Қазақстандағы 60 энергия өндіруші компанияның 8-іне әсер етуі мүмкін.

«Түзету энергия өндіруші ұйымдарға тәуелді емес электр энергиясын өндіруге кететін негізгі шығындардың ұлғаюына байланысты, атап айтқанда, отын, жалақы және жанармай (оның ішінде газға және оны жеткізуге 2024 жылғы 1 шілдеден бастап баға өсуі) шығындарына байланысты», – делінген қаулыда.

Құжатқа сәйкес, Ақтөбедегі «Қазхром» Трансұлттық компаниясының тарифі 40,5%-ға көтерілуі мүмкін. Тариф 1 кВт/сағ үшін 7,59-дан 10,67 теңгеге дейін қымбаттайды. Одан кейін Павлодардағы «Қазақстан алюминийі» зауытының шекті тарифі 30,1%-ға қымбаттауы ықтимал. Бұл зауыт өндіретін энергия құны 1 кВт/сағ үшін 6,05-тен 7,87 теңгеге дейін өсуі ықтимал. Ал Степногорск ЖЭО-сына қатысты тариф 22,58 теңгеден 28,97 теңгеге дейін 28,3% қымбаттайды.

Министрлік бұйрығы 23 тамызға дейін ашық талқылауда болады.

2023 жылғы 1 маусымнан еліміздің кейбір аймақтарында электр энергиясының тарифі көтерілген еді. Еліміздегі 47 энергия өндіруші ұйымның 27-сі шекті тарифті түзетуге өтінім берген. Соның ішінде 20 энергия өндіруші ұйымның тарифі бұрынғы деңгейде сақталған. Сол кезде 27 энергия өндіруші ұйымның тарифі шамамен 24% өскен болатын.

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов 2024 жыл соңына дейін электр энергиясы тарифін көтеру жоспарда жоқ екені мәлімдеді. Өйткені былтырғы тариф бүкіл шығынды ақтауы тиіс.