«Өнеркәсіпті дамыту қорының» активтері артып, 1,9 трлн теңгеге жетті

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Қордың таза пайыздық кірісі 24,8 млрд теңгені құрады / Архив: kursiv.media

«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ (ҚДБ арқылы «Бәйтерекке» тиесілі) 2024 жылың қаңтар-маусымындағы қаржылық нәтижелерін жариялады. Компанияның есебін Қазақстан қор биржасы (KASE) ұсынды.

Таза пайыздық кіріс 24,8 млрд теңгені құрады. Операциялық қызметтен түскен кіріс 22,3 млрд теңгені құрады. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңінде көрсеткіштер 15 млрд теңге шамасында болған.

Қор активтері 2023 жылғы 1,7 трлн теңгеден 1,9 трлн теңгеге дейін артқан. Міндеттемелері – былтырғы 1,3 трлн теңгеден 1,5 трлн теңгеге дейін өсті.

«Активтер лизингтік компанияларға және басқа ұйымдарға берілген несиелер көлемінің ұлғаюына байланысты артты», – деп жазылған есепте.

Қордың жеке капиталы 1,9 трлн теңгеге өсті. 2023 жылдың тиісті кезеңінде көрсеткіш 1,7 трлн теңге болатын.

«Өнеркәсіпті дамыту қоры» 2020 жылы Индустриялық даму және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламаларының жұмыс істеп тұрған қаржы операторы – «ҚДБ-Лизинг» АҚ негізінде құрылған.

Ол «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ еншілес ұйымы және «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ құрылымына кіреді. Оның қызметі қаражат, оның ішінде өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері шеңберінде жиналатын қаражат есебінен 3%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша серпінді өңдеуші кәсіпорындарға қолжетімді кредит беруді қамтамасыз етуге бағытталған. 

Еске сала кетсек, былтыр Қор кірісі 5,1%-ға, 22,4 млрд теңгеден 23,6 млрд теңгеге дейін артты. 2024 жылы «Өнеркәсіпті дамыту қоры» өз акционері – «Қазақстан Даму Банкіне» 23 млрд теңге дивиденд төлейтінін хабарлады.

2024 жылғы мамырда KASE-де жалпы құны 25 млрд теңгеге қарапайым акциялар орналастырды.

Сондай-ақ оқыңыз