Жаңалықтар

Қазақстандықтар қытайлық Макаоға 14 күнге визасыз бара алады

Қазақстандықтар қытайлық Макаоға 14 күнге визасыз бара алады / фото, коллаж kursiv.media бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан Үкіметі мен Макао Арнайы әкімшілік ауданының Үкіметі 14 күнге дейінгі мерзімге визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге келген. Құжатқа ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов қол қойды. 7 тамыздан бастап құжат күшіне енді.

«Келісім екі тарап арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және туристік ынтымақтастықты дамытуға қосымша серпін береді», – делінген хабарламада.

Макао – Қытайдағы арнайы әкімшілік автономиялық аймақ. Оңтүстік Қытай теңізінде орналасқан аралда негізінен ойын бизнесі қатты дамыған. Аймақтың Қытайда ресми ойын бизнесін жүргізуге рұқсаты бар.

Сондай-ақ 2024 жылдың 6 қаңтарынан бастап қазақстандықтар Сейшель Республикасына визасыз бара алады. Қазақстан Үкіметі мен Сейшель Республикасының Үкіметі 2023 жылдың 22 қыркүйегінде Нью-Йорк қаласында өзара визалық талаптардан босату туралы келісімге келген.

Айта кетейік, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан әлемдік паспорт индексінде 66-орынға көтерілген. Зерттеу жасаған Henley & Partners компаниясы қазақстандықтардың әлемнің 78 еліне визасыз бара алатынын жазған. Айта кетейік, 2022 жылы Қазақстан рейтингте 68-орында болып, ел азаматтары визасыз 75 елге бара алған. Паспорт индексіне 104 ел кірген. ТМД елдері арасында Қазақстаннан бөлек Ресей, Беларусь, Әзірбайжан, Армения мен Өзбекстан бар. Индекстің бірінші орнында бірден алты мемлекет орналасқан: Еуро Одаққа кіретін Германия, Италия, Испания және Франция мен қос Азия елі – Сингапур мен Жапония. Бұл ел азаматтары 194 елге визасыз бара алады.

Қазақстан азаматтарына визасыз баруға болатын елдер тізімі жыл сайын артып келеді. 2024 жылы қай елдерге визасыз баруға болатынын тізіп шыққан едік. Шенген аймағынан тыс Еуропа елдері мен Азияның бірқатар елдеріне есік ашылды. Үш айға дейін визасыз жүруге болатын елдер саны артты.