Жаңалықтар

Суды заңсыз пайдаланғандар үшін айыппұл көбейеді. Жауапты министрлік заң жобасын ашық талқылауға шығарды

Су министрлігі су заңнамасын бұзғандарға жауапкершілікті күшейтпек / фото коллаж: бильд-редактор Ахтам Зиперов

Елде 2029 жылы болуы мүмкін су тапшылығының алдын алу мақсатында жауапты министрлік саладағы заң бұзушылық үшін жауапкершілікті күшейтпек. Тиісті заң жобасын Су ресурстары және ирригация министрлігі «Ашық НҚА» порталында ашық талқылауға шығарды.

«2024 жылдың бірінші жартыжылдығында 55 тексеру жүргізілді, олардың нәтижесінде 103 бұзушылық анықталды және 7 млрд теңге өндіріп алынды», – делінген құжатта.

Ақпаратқа сәйкес, 2024 жылдың басынан бері өткен жылдың осы кезеңіндегі статистикамен пара-пар заң бұзушылық тіркелген. 

Өрескел бұзушылықтар жасаудың салдары мыналар:

– су ресурстарының сарқылуы мен ластануы, бұл жасанды түрде пайдаланылуы мүмкін су тапшылығын тудырады және су объектілерін қалпына келтіруге мемлекеттің шығындарына әкеп соғады;

– су шаруашылығы баланстарының дұрыстығына және тиісінше басқару шешімдерінің дұрыстығына әсер ететін пайдаланылған суды есепке алу бойынша дәйексіз деректерді қалыптастыру;

– халықтың өмірі мен денсаулығына, кәсіпкерлік қызметтің мүліктік залалына (гидротехникалық құрылыстардағы төтенше жағдайлардың салдарынан) қауіп төндіреді, олардың салдарын жою да мемлекет шығындарын талап етеді.

Ендігі кезекте су министрлігі айыппұл сомасын ұлғайту арқылы су заңнамасын бұзғандарға жауапкершілікті күшейтпек. Қазіргі айыппұлдың төменгі сомасы заң бұзушылықтардың қайталауына әсер етіп отыр. Осы саладағы субъектілер аз көлемдегі айыппұл сомасын төлеп, ары қарай қызметін жалғастыра береді. Сондықтан жаңа заң жобасында айыппұлдың сомасын ұлғайту ұсынылып отыр.

Жеке тұлғалар үшін айыппұлдар 150 айлық есептік көрсеткішті (АЕК), лауазымды тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін — 300 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілері үшін — 500 АЕК, ал ірі кәсіпорындар үшін — 1000 АЕК-ті құрайды.

Айта кетейік, Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов Қазақстанда су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жыл сайын шамамен 350-370 млрд теңге қаражат керек екенін айтқан. Оның айтуынша, соңғы 30 жылда республика аумағында небәрі 5 су шаруашылығы құрылысы салынған. Оның ішінде тек екеуі ғана маңызды ірі жоба саналады. Оның бірі – Түркістан облысындағы Көксарай контрреттегіші болса, екіншісі – Астана қаласының қорғаныс бөгеті.

Сондай-ақ бұған дейін Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек 2040 жылға қарай елдегі су тапшылығы 15 млрд текше метр болатын айтып, суды тиімді пайдалану мен оның өзектілігі жайлы мәселені көтерген еді. Депутат еліміздің даласы көктемде көлге айналса, жазда шөлге айналатынын алға тартып, бұл мәселенің әлі күнге шешілмей отырғанын да ашына айтқан.