Жаңалықтар

Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр мен бұршақ жауса, кей өңірде аптап ыстық болады – «Қазгидромет» болжамы

Қазақстанның басым бөлігінде дауылды нөсер болады деп күтілуде / Фото: kursiv.media 

«Қазгидромет» Астана мен еліміздің 16 облысында дауылды ескерту жариялады. Бүгін, 9 тамызда, Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр жаууы ықтимал.

Оңтүстік циклон және онымен бірге келетін атмосфералық фронттар Қазақстанның бүкіл аумағына әсер етеді. Сондықтан Қазақстанның басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы сақталады, найзағай жарқылдап, дауыл тұрып, оның арты жаңбырға ұласады.

Астанада да өткінші жаңбыр болып, найзағай жарқылдап, бұршақ түсіп, дауыл соғады деген болжам бар. Күндіз ауа температурасы 22 градусқа дейін жетіп, түнде 14 градусқа дейін төмендейді. Жел екпіні– 15-20 м/с болады.

Еліміздің батысында, солтүстік-батысында, солтүстігінде, орталығында нөсер жаңбыр жауады. Республика бойынша жел күшейеді, оңтүстікте шаңды дауыл соғып, солтүстік-батыста, солтүстікте түнде және таңертең тұман түседі.

Ал  Алматы, Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Жетісу облыстарында, Абай облысының оңтүстігінде және Қызылорда облысында қатты ыстық сақталады. Солтүстікте, Алматы облысы мен Жетісу облысының орталығында, Түркістан облысының шөлді аудандарында аптап ыстық болады. 

Еліміздің барлық дерлік өңірде төтенше және жоғары өрт қаупі бар.