Жаңалықтар

«Самұрық-Қазына» Боранбаевтан тәркіленген «Азия Газ Чунджа» газ компаниясын сатып алады

«Самұрық-Қазына» Боранбаевқа тиесілі болған «АзияГаз Чунджа» компаниясын сатып алмақ/ коллаж: instagram.com/kairat4, sk.kz және shutterstock, бильд-редактор: Денис Андреев

«Самұрық-Қазына» қоры кезінде Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған «АзияГаз Чунджа» ЖШС жарғылық капиталындағы 100 пайыз қатысу үлесін сатып алғалы жатыр. Бұл туралы Қазақстан қор биржасына «QazaqGaz ҰК» АҚ хабарлады.

Меншік құқығы «Самұрық-Қазына» АҚ-ға өткеннен кейін «QazaqGaz ҰК» акционерлік қоғамы нарықта 9,29 млрд теңгеге 1000 қарапайым акциясын орналастырылмақ. Бір қарапайым акцияның құны 9,29 млн теңге деп бекітілетін болады.

«АзияГаз Чунджа» ЖШС ­­Алматы облысының Ұйғыр ауданын газбен қамтамасыз ететін жалғыз компания. Бұл компания тауарлық газды тасымалдау және сатумен айналысады. Компанияның нарықтық құнын Қаржы мониторингі агенттігі 14 млрд теңгеге бағалаған. Боранбаевқа тиесілі болған бұл компания қазір Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің есебінде тұр.  

Мамыр айында Мәжілістен кейін өткен брифинг барысында Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Қайрат Боранбаев мемлекетке 134,5 млрд теңгенің активтерін қайтарғанын айтқан болатын. Қайрат Боранбаев негізгі қылмыстық іс бойынша 14,5 млрд теңге қайтарған. Одан бөлек бизнесмен мемлекетке өз еркімен 120 млрд теңгенің активтерін өтеген. Агенттік өкілі бұл соманың әлі де өсуі мүмкін екенін айтқан.

Еске сала кетер болсақ, Қайрат Боранбаевтың миллиондаған дүние-мүлкі, нарықтық құны миллиардтаған сомамен есептелетін кен орны, газ тасымалдау компаниясы, сондай-ақ жабдықтау зауыты мемлекетке қайтарылғаны жайлы айтылып та, жазылған да болатын. Бұл іс-шара тергеумен ерікті ынтымақтастық аясында іске асқаны жайлы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлаған.