Қазақстан Түркияға астық жеткізе бастайды. Бұл жайлы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Айдарбек Сапаров бастаған қазақстандық делегацияның Түркияға сапары аясында Қазақстан өнімін экспорттауға жол ашатын маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді»,- деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, АШМ АӨК саласында жұмыс істейтін ірі түрік компанияларымен келіссөздер барысында Қазақстаннан Түркияға жасымық жеткізу туралы алдын ала келісім жасады.
Атап айтқанда, Armada Gıda компаниясымен келісімге келген. Бұл компания Қазақстанмен талай жыл жұмыс істеген. Үлкен тәжірибесі бар, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге және экспорттауға маманданған жетекші түрік компанияларының бірі саналады.
Компания осы күнге дейін Қостанайдан жасымық сатып алып келген. Енді екі ел арасында сауда байланысын нығайту және ұлғайту үшін жасымықтың экспорттық партиялары бір жерге шоғырландырылып барып, Түркияға жіберіліп отырмақ.
«Бұл қазақстандық фермерлердің халықаралық нарықтарға шығуын қамтамасыз етеді сондай-ақ, Қазақстанның шағын және орта ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау үшін маңызды қадам саналады», – делінген баспасөз хабарламасында.
Сонымен бірге Tiryaki Holding компаниясымен де серіктестік орнатып, 250 мың тонна бидай жеткізу туралы меморандумға қол қойылған. Бұл компания сонымен бірге Астанада астықты терең өңдеу жобасын жүзеге асырып жатыр.
Алдағы уақытта экспортталатын бидай көлемі арта түсуі мүмкін. Азық-түлік корпорациясының Басқарушы директоры Рустам Жанатаев Түркияның астық басқармасының бас директоры Ахмет Гулдалмен кездесу өткізген.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар Түркияға қазақстандық астықты жеткізу көлемін ұлғайту және Қазақстан аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге инвестициялар тарту мүмкіндігі мәселелерін талқылаған.
Түркияның астық басқармасы астық нарығын реттейтін мемлекеттік кәсіпорын. Басқарма жыл сайын ішкі нарықтағы бағалардың тұрақтылығын сақтау және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін орташа есеппен 10 миллион тоннаға дейін дәнді-дақыл, оның ішінде бидай сатып алып отырады.
Сондықтан бұл ынтымақтастық Қазақстан өнімін экспорттауда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп күтіледі.
Еске сала кетсек, Ресей бидайы ішкі нарық пен экспорттық бағыттарға қысым көрсете бастағандықтан, Қазақстан бидай импортына тыйым салған болатын. 2024 жылдың алғашқы 5 айында елге Ресей Федерациясынан 1 млн тоннадан астам бидай әкелінген.
Сонымен бірге биыл елде астық мол түскен. Министрлік мәліметінше, 1 шілдедегі жағдай бойынша республикада шамамен 6,1 млн тонна астық қоры бар. Оның ішінде бидай – 5,1 млн тонна. 4 млн тоннасы азық-түлік мақсатында пайдаланылады.
Айта кетейік, қаңтарда Қазақстанның бидай экспорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 44%-ға төмендеген болатын. Өзбекстан бағытында экспорт көлемі 20%, Ауғанстан бағытында экспорт 68%-ға төмендеп кеткен.