inDrive жүргізушілеріне қойылатын талап артады. Бұл жайлы Көлік министрі Марат Қарабаевтың inDrive платформасының негізін қалаған Арсен Томскиймен кездесуі барысында айтылған. Бұл жайлы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында министрлік басшысы жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бәсекеге қабілетті нарық құру қажеттігін атап өткен.
Қарабаев таксомоторлық тасымалдарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бірлесе жұмыс жүргізу маңызды екенін атап өтіп, жолаушы тасымалдаушылардың мынадай талаптарды орындау қажет екенін айтқан:
- біріншіден, жүргізуші жолға шығар алдында медициналық куәландырудан өтуі керек болады. Сондай-ақ еңбек және демалыс кестесін сақтап, жылдамдық режимін бұзбауы керек.
- екіншіден, таксомоторлық тасымалдарға тартылған автокөлік міндетті түрде Қазақстанда тіркеліп, жылына екі рет техникалық байқаудан өтуі тиіс.
Ал inDrive басшысы маусымда қол қойылған үшжақты меморандумға сәйкес, қала ішіндегі және қалааралық тасымалдарда қауіпсіздікті арттыру бойынша бірқатар іс-шаралар жүргізілгенін айтқан. Сонымен бірге компания платформаның жүздеген жүргізушілерін жол қауіпсіздігі ережелері мен қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша оқытқан. Ал тамыз айының басында такси қызметін ұсынатын компания Алматы-Қонаев тас жолының қауіпті учаскесінде жолда қауіпсіздік ережелерін сақтау тақырыбына билбордтар орналастырған.
«Платформа өкілі компания осы бағыттағы жұмысты жалғастыруға және қызмет көрсету сапасын жақсартуға ниетті екенін жеткізді», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Сондай-ақ inDrive, ҚР Көлік министрлігі және ІІМ арасында жылдамдық режимі бойынша деректер алмасу мәселесі талқыланған.
Еске сала кетсек, 30 шілде күні Марат Қарабаев такси жүргізушілеріне 50 шақырымнан артық жүруге тыйым салынатыны туралы хабарлады. Министрлік осылайша қалалар арасындағы автобустардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды көздеп отырғаны айтылды.
Өз кезегінде inDrive компаниясы қалааралық жолдарда максималды қашықтықты шектеу туралы шешім жолаушылар мен жүргізушілердің алаңдауына себеп болғанын айтып, бұл мәселені нарықтың барлық қатысушысымен және Қазақстан Республикасының Көлік министрлігімен бірлесіп пысықтауы қажет екенін мәлімдеген.
Біз кездесу барысында 50 шықырымдық шектеу мәселесі қалай шешілгені жайлы сұрап, inDrive компаниясына сауал жолдадық.