Жаңалықтар

Тоқаев жыл сайын Qarmet-ке барады: кәсіпорын өндірісті 66%-ға арттырмақ

Тоқаев жыл сайын Qarmet-ке баруға уәде берді / Фото: Ақорда, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Qarmet компаниясы қосымша жобаларға 1,5 млрд доллар бөлуді жоспарлап отыр. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өндіріске сапары кезінде компания басшысы Андрей Лаврентьев пен кәсіпорынның бас директоры Вадим Басин айтты.

Ақорда ақпаратына сүйенсек, президент Қарағанды облысындағы жұмыс сапары барысында Теміртаудағы Qarmet металлургиялық комбинатын аралап, жылына 3,8 млн тонна шойын өндіретін №3 домна пешінің жұмысымен танысты.

Қазіргі уақытта өндіріс жұмысын жақсартуға 3,5 млрд доллар қарастырылған. Болашақта қосымша 1,5 млрд доллар инвестиция құю жоспарланған, оның 500 млн доллары Көмір департаментіндегі және 978 млн доллары Темір рудасы департаментіндегі жобаларға жұмсалады.

Кәсіпорын ғимараттар мен нысандарды жөндеп бастаған. 2024 жылы 100-ден астам нысан жаңғырып, 50 мың шаршы метр шатыр ауыстырылуы керек. Келесі жылы басқару және гидравлика жүйелерін жаңғырту жұмыстары басталады.

Стратегияға сәйкес кәсіпорын 2028 жылға қарай жылына 5 миллион тонна болат, 9 миллион тонна көмір және 5 миллион тонна темір рудасы концентратын өндіруді жоспарлап отыр. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 66%-ға көп.

Президент комбинатты табиғи газға көшіру маңызды шешім екенін атап өтіп, бұл қоршаған ортаға келетін зиянды 30 %-ға төмендетуге мүмкіндік береді. 

«Отандық инвесторды шақыру арқылы дұрыс шешім қабылдадық. Олар бірден іске кірісті. Комбинаттағы жағдай бұрынғымен салыстырғанда айтарлықтай жақсарған. Бірақ мұнымен шектелуге болмайды. Ең басты міндет – Qarmet кәсіпорнының баяғы даңқын қайтарып, әлеуметтік мәселелерді шешуге баса мән беру. Бұл бағыттағы жұмыс басталып кетті. Одан хабардармын. Комбинатқа жыл сайын келіп, оның даму барысымен танысып тұрамын», – деді Тоқаев.

2023 жылы кәсіпорын 2,9 миллион тонна дайын өнім шығарған. Оның 2,1 миллион тоннасы Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Грузия, Әзербайжан және Ауғанстан елдеріне экспортталған. Qarmet-те 34 мыңнан астам жұмысшы еңбек етеді. 

Еске сала кетсек, 2023 жылдың күзінде «ArcelorMittal» компаниясына қарасты Костенко шахтасында жарылыс болды. Салдарынан 46 кенші опат болды.

Қайғылы оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев «АрселлорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы шешім қабылдады.

Оқиғадан соң АМТ мемлекетке қайтарылатын болды. Біраз уақыт өткен соң, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев АМТ компаниясының жаңа акционерін жария етті. Жаңа инвестор «Allur» компаниялар тобы және оның иесі Андрей Лаврентьев болып, компанияға Qarmet атауы қайтарылды.