Қазақстан күзде 1,5 млрд доллар көлемінде еурооблигациялар шығаруды жоспарлап отыр. Бұл жайлы сенімді дереккөзге сілтеме жасай отырып, Bloomberg хабарлады.
«Қазақстан еурооблигациялар шығаруды көздеп отыр. Олардың құны 1,5 млрд доллардан кем болмауы мүмкін», – деп жазады басылым.
Басылым дереккөзі облигациялар сомасы мен оның шығу уақыты нарықтық жағдайға байланысты болатынын айтқан. Сонымен бірге сұхбат беруші «қарыздық міндеттемелер еурода ұсынылуы мүмкін» екенін атап өткен.
Басылым мәліметінше, Қазақстан үкіметі еурооблигациялар шығару жұмыстарына JPMorgan, Citigroup және Societe Generale SA сынды алпауыт компанияларды тартуды көздеп отыр.
«Бүгінгі күні Қазақстанның 1,5 миллиард долларлық облигациялары айналымда жүр. Олардың мерзімі қазан айында аяқталады. Үкімет еуродағы қарыздық міндеттемелерді 2018 және 2019 жылдары шығарған», – деп жазады басылым.
Мұндай бастама молдовалық бизнесмендер Анатоль мен Габриэль Статиге қатысты ұзаққа созылған сот дауы шешілгеннен кейін бірден ұсынылған. 2017 жылы Қазақстан бизнесмендерге 500 миллион доллар төлеуден бас тартқан болатын. Соған байланысты Қазақстанның 28 млрд доллар көлеміндегі активтері бұғатталған еді.
Қазақстанның Қаржы министрлігі еурооблигацияларды шығаруды бірнеше рет кейінге қалдырды. 2023 жылдың маусым айының басында департамент бағалы қағаздарды күзде орналастырылатынын хабарлады. Сол жылдың маусым айында өткен Астана халықаралық форумында экс-министр Ерұлан Жамаубаев Қазақстанның 2023 жылдың күзінде еурооблигациялар шығару мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты. Министр жаз маусымының еурооблигацияларды шығару үшін қолайсыз кезең екенін айтып, күзге қалдырғанын мәлімдеді. Ал 15 шілдеде Қазақстан молдовалық бизнесмен Анатол және Габриэль Статимен арадағы дауда бір келісімге келген болатын.
Ал күзде «сыртқы капитал нарығындағы қолайсыз жағдайларға» байланысты тағы да кейінге шегерілді. Онда бұл шаралардың 2024 жылдың жазына қалдырылғаны айтылған еді.
Айта кетсек, Kazakhstan Macro & Market Overview порталында Ұлттық банк еліміздің макроэкономикалық ахуалы мен капитал нарығы туралы есебін жариялады. Онда Үкіметтің экономикалық саясат, жасалған қадамдар мен түрлі көрсеткіштер егжей-тегжейлі баяндалған және шетелдік инвесторлар үшін пайда табудың басты кілті қайда екені меңзелген.
Сәуір мен маусым аралығында Қаржы министрлігі 2 трлн теңгеге мемлекеттік құнды қағаздар шығарған. Резидент еместердің қолындағы мұндай қағаздардың көлемі 41 %-дан асқан. Оның құны 643 млрд теңгеге жуықтайды.