Жаңалықтар

«Бүкіл әлем алаңдаулы»: Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Курск аймағындағы жағдайға қатысты пікір білдірді

СІМ
Украина әскері Ресейдің Курск облысына 7 тамызда басып кірді / Фото: kursiv.media 

Ресейдің Курск облысында орын алған әскери қақтығысқа байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі түсініктеме берді.

ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияровтың мәлімдеуінше, бүгінде бүкіл әлем Ресейдің Курск облысындағы жекелеген аудандарындағы жағдайға үлкен алаңдаушылық білдіріп отыр.

«Қазақстан барлық елмен БҰҰ Жарғысында бекітілген мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидатын нақты сақтау қажеттігін әрдайым айтып келеді. Осыған байланысты, біз мемлекеттер арасындағы барлық қақтығыстарды саяси және дипломатиялық құралдарды кеңінен қолдана отырып, тек қана бейбіт жолмен шешуді дәйекті түрде қолдаймыз. Өзара қолайлы шешімдерді сындарлы іздеуге бағытталған халықаралық қоғамдастықтың кез келген күш-жігерін құптаймыз», – деп мәлімдеді СІМ ресми өкілі.

Курск облысындағы қақтығыс

Еске сала кетсек, Украина әскері Ресейдің Курск облысына 7 тамыз күні басып кірді. Ресей президенті Владимир Путин мұны арандату деп мәлімдеді.  

12 тамызда Украинаның Запорожье атом электр станциясында өрт болды. 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргелі бері аймақ соғыс алаңына айналған. Екі ел станцияға жасалған шабуылды бір-бірінен көріп отыр.

Айта кетейік, Украина қарулы күштері Курск облысында бақылау аймағын кеңейту әрекетін жалғастыруда. Financial Times басылымының хабарлауынша, Украина әскері Курск облысына 30 шақарымға ішкері енген. Атап айтқанда, Украина қарулы күштері Курск облысының Глушковский ауданындағы Сейм өзеніндегі көпірге әуеден соққы жасай бастаған. Әскери сарапшылардың айтуынша, Украина әскері осылайша шекараға жақын орналасқан Теткино ауылындағы ресейлік күштердің логистикалық бағытын бұзуды көздеп отыр.