«Демеу Қазақстан қоры» «Костенко» шахтасында қайтыс болған кеншілердің отбасына жиналған қаржылай көмекті «Қорғау» көміршілер кәсіподағына аударған. Бұл туралы Қазақстан Президенті Іс басқармасының «Курсивке» берген ресми жауабында жазылған.
«2023 жылдың желтоқсанында «Демеу Қазақстан қоры» корпоративтік қоры «Қорғау» көміршілер кәсіподағы» қоғамдық бірлестігіне 400 млн теңге аударды», – делінген жауапта.
Кәсіподаққа берілген қаржының әрі қарайғы «тағдыры» туралы ақпарат жоқ. Тек Qarmet тарапынан 35 мың қызметкер тіркелген Теміртау мен Қарағанды қалаларындағы Болат және Көмір департаменттері емханаларына медициналық жабдық сатып алу туралы өтініш түскені жазылған.
Бұдан бөлек, Президент Іс басқармасына бағынатын «Демеу Қазақстан қоры» мен Qarmet арасында медициналық жабдық жеткізу туралы келісім жасалған. МРТ, жылжымалы рентген қондырғысы бар цифрлық флюорография, стационарлық цифрлық рентген аппараты және т.б. жабдықтар қазан айына дейін жеткізіліп орнатылуы тиіс.
«Курсив» 400 млн теңгенің қайда жұмсалғаны туралы «Қорғау» көміршілер кәсіподағына сауал жолдады.
Тамыздың басында Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Қарағанды облысы Костенко шахтасында қайтыс болған кеншілердің отбасына көмек көрсету үшін бірқатар компаниялар бөлген 200 млн теңгенің «жоғалып кеткені» туралы жазған.
Қарағандылық msu.city басылымының ақпаратына сүйенсек, президент тапсырмасынан кейін QazTehna, «АгромашХолдингKZ», KamaTyres и «СарыарқаАвтопром» компаниялары «Демеу Қазақстан қорына» әрқайсысы 50 млн теңгеден жинап, 200 млн теңге берген. Бұл қаржы қаза тапқан кеншілердің отбасына қолдау көрсету үшін таратылып берілуі тиіс болған. Алайда кеншілердің туыстары қор қаржыны әлі де таратып бермегенін айтқан.
Еске сала кетсек, 2023 жылдың күзінде «ArcelorMittal» компаниясына қарасты Костенко шахтасында жарылыс болды. Салдарынан 46 кенші опат болды.