Жаңалықтар

Air Astana Алматыдан Вьетнамға тікелей әуе рейсін ашады. Билет құны 335 мың теңгеден басталады

25 мамырдан бастап Қазақстан мен Вьетнам арасында визасыз режим күшіне енді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Air Astana компаниясы Алматыдан Вьетнамға «Алматы – Фукуок» бағыты бойынша тікелей әуе рейсін ашпақ. Бұл туралы тасымалдаушы хабарлады.

Тікелей рейстер Airbus A321LR ұшақтарымен орындалады. Жолаушылар Вьетнам аралына 28 қазаннан бастап аптасына екі рет — әр дүйсенбі және сәрсенбі күндері ұша алады.

Әуе компаниясының хабарлауынша, желтоқсаннан бастап рейс аптасына төрт рет орындалады.

«Барып-келу билетінің құны 335 899 теңгеден басталады. Билеттерді дәл қазір әуекомпания сайтында немесе қосымшасында брондай аласыздар», – деп жазылған хабарламада.

Алматыдан рейс 22:45-ке жоспарланған, Фукуокқа 08:15-те жетеді. Қайту сейсенбі және бейсенбі күндері Фукуоктан 09:45-те ұшып, Алматыға 15:50-де келеді.

Өткен жылы Қазақстан мен Вьетнам визасыз режим туралы келісімге қол қойды. 25 мамырдан бастап Қазақстан мен Вьетнам арасында визасыз режим күшіне енді. Енді екі ел азаматтары Қазақстан мен Вьетнамда 30 күн визасыз жүріп, тұра алады.