Жаңалықтар

Қытай ДСҰ-ға шағым түсірді: Бейжің ЕО-ның электромобильдерге салатын баж тарифтерін дауламақшы

Қытай ДСҰ-ға ЕО-ның электромобильдерге салынатын тарифтерін дауламақшы / Фото: kursiv.media

Қытай ДСҰ-ға ЕО-ның электромобильдерге салынатын тарифтеріне қатысты шағым түсірді. Бұл жайлы Дүниежүзілік сауда ұйымының баспасөз қызметі хабарлады.

Бейжің ЕО-ның Қытайдан экспортталатын аккумуляторлық электр көліктеріне қатысты мақсатты түрдегі уақытша өтемақы баждарын енгізуіне қатысты ДСҰ-дан консультация өткізуді сұраған.

Қытай тарапы Еуропалық Одақ енгізген шаралар 1994 жылғы Тарифтер мен сауда жөніндегі бас келісімнің VI бабына және ДСҰ-ның Субсидиялар мен өтемақы шаралары туралы келісімінің бірқатар ережелеріне қайшы келетінін алға тартқан.

Ұйым ережесіне сәйкес, консультациялар негізінде дау 60 күн ішінде шешілмесе, Қытай бұл мәселені шешу үшін арнайы сот алқасына жүгіне алады.

Еуропалық комиссия 4 шілдеде Қытайда жасалған электрлі көліктердің импортына уақытша баж салығын енгізді. Комиссия электромобильдер өндірісінде Қытай өнлірушілері мемлекеттік субсидияларды пайдаланатынын негізге алған. ЕО талаптарына сәйкес, BYD брендіне 17,4%, Geely-ге – 19,9% және SAIC-қа 37,6% баж салығы салынады.

Айта кетсек, шілдеде әлемдік нарықта электромобильдердің сатылымы 21%-ға өскен. Rho Motion зерттеу фирмасы мұны Қытайдағы электромобиль өндірісінің артуымен байланыстырады.

Шілде айында бүкіл әлем бойынша 1,35 млн электрлі және қосылатын гибридті көліктер сатылған. Соның 0,88 миллионы Қытайда өндірілген екен. Ал әлем бойынша жалпы сатылым көлемі өткен жылмен салыстырғанда 31%-ға артқан. 2024 жылдың алғашқы жеті айында Қытайда 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, электромобильдер сатылымының үлесі 70%-ға көтерілген.

Қытай автонарығында электромобиль мен гибридті көліктер жалпы сатылымның 50%-ын құрады. Жаңа энергия көздерін тұтынатын көлік сатылымы шілде айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37%-ға артқан. Бұл – жалпы сатылымның 50,7%-ы.