Жаңалықтар

Депутат Тұрлыхановтың баласы пробациялық бақылау тәртібін бұзды: ІІМ оқиғаға қатысты түсініктеме берді

куис
ІІМ Нұрасыл Болаттың не себепті Алматы көшелерінде еркін қыдырып жүргенін түсіндірді / Фото: ҚАЖД

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті (ҚАЖД) бас бостандығын шектеуге сотталған Нұрасыл Болаттың не себепті Алматы көшелерінде еркін жүргенін түсіндірді.

«Қазіргі уақытта бұл жағдай мұқият талданып жатыр. Қызметтік тексеру басталып, оның нәтижелері бойынша барлық жауапты тұлғалар қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Ішкі істер министрлігі болашақта мұндай жағдайларды болдырмау мақсатында бұл мәселені жеке бақылауда», – деп хабарлады ҚАЖД баспасөз қызметі.

ІІМ мәліметінше, 2023 жылғы 9 қазанда әскери сот Нұрасыл Болатқа айыппұл жазасын тағайындаған. Іс апелляциялық сотта және Жоғарғы Сотта қаралғаннан кейін, осы жылдың 14 мамырында үкім 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеуге өзгертілген. Алайда пробация қызметін ұйымдастыру шаралары кешіктірілген.

«Біз пробация қызметіне үкім шығарудың кешігуіне әкеліп соқтырған ұйымдастырушылық кемшіліктер болғанын мойындаймыз. Үкім 14 тамызда Алматы қаласының ҚАЖД-не келіп түсті. Сол күні Нұрасыл Болат Медеу ауданының пробация қызметінің есебіне қойылып, сот белгілеген шектеулермен танысты»,- делінген баспасөз хабарламасында.

Не болды?

Айта кетейік, 14 тамыз күні Дәулет Тұрлыхановтың ұлы тағы да дауға қалды. Мәжіліс депутатының ұлы соққыға жыққан заңгер Анна Чернова Нұрасыл Болаттың пробациялық бақылау тәртібін бұзып, қалада еркін жүргенін хабарлады.

Бұған бейне айғақ та бар. Заңгер Нұрасылдың бір топ достарымен бірге Алматы көшелерінде қыдырып жүргенін бейнежазбаға түсіріп алып, әлеуметтік желіге жүктеді. Кадрда мәжіліс депутатының ұлы тәртіп бұзғаны туралы ескертуге ләм-мим деп жауап бермей, темекі түтінін будақтатып үнсіз тұр.

Жоғарғы сот шешімі бойынша, Болат тұрғылықты орны бойынша пробация қызметте есепте тұруы керек. Оның тіркеуде тұрған жері – Астана қаласы.

«Қаншама тәртіп бұзылды. Менің Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне қатысты үлкен сауалдарым бар. Бұл қалай болғаны? Үкім тек іріктеліп орындалатынына тағы да бір дәлел – осы. Қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлері неге оған бір иығын беріп тұрғанын жақсы түсінеміз. Біреулер үшін бұл – соттан, атқару жүйесінен берілген сыйлық. Қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлері мен депутаттың баласына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуді сұраймын», – дейді Анна Чернова.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың жазында Тұрлыхановтың ұлы әскерден қашып кетті. Бұл қылығы үшін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 15 тәулікке қамалды.

Кейін депутаттың ұлына қатысты тағы дау шықты. Оның екі заңгердің денсаулығына қасақана орта деңгейдегі залал келтіргені белгілі болды. Бұл заңбұзушылығы үшін оған 1,7 млн теңге айыппұл тағайындалды. Кейін жәбірленуші тарап сот шешіміне шағымданып, Жоғарғы сотқа жүгінді. Жоғарғы сот осы жылдың көктемінде Нұрасыл Болаттың жазасын қатаңдатты.

Сол кезде депутаттың ұлы пробациялық бақылауды бұзса, сот шартты мерзімді нақты мерзімге ауыстыруы мүмкін екені айтылған еді.