Жаңалықтар

Бүгін Ауғанстанда тәліптердің билікке қайта келгеніне үш жыл толды

Тәліптердің билікке қайта келгеніне үш жыл толды/ Фото: primeminister.kz

«Талибан» қозғалысының билікке қайта келгеніне бүгін үш жыл толды. Бұл оқиға Ауғанстанның түкпір-түкпірінде мереке ретінде атап өтілді. Тәліптер бұрын АҚШ әуебазасы болған Баграмда әскери парад өткізген.

2021 жылдың 15 тамызында батысшыл президент Ашраф Ғани тақтан тайып, 20 жылдан кейін АҚШ әскері апыл-ғұпыл елден кетуге мәжбүр болған еді. Бірақ неге екені белгісіз, бұл «айтулы күнді» тәліптер бұл жолы ертерек тойлауды ұйғарыпты.

БҰҰ және Дүниежүзілік банк жариялаған мәліметке сүйенсек, 40 миилион халқы бар Ауғанстанның экономикалық ахуалы мәз емес. Тұрғындарының үштен бір бөлігінің табысы кедейшілік шегінен әлдеқайда төмен. Экономикасы алдағы үш жылда ешқандай өсім көрсетпейді екен.

Айта кететін жайт, Қазақстан «Талибан» қозғалысын тыйым салынған ұйымдардың тізімінен алып тастады. Тәліптердің ауған билігінде ұзақ отыратыны белгілі жайт. Сондықтан көп ел Ауғанстанмен сауда-экономикалық қатынасты қайта қалпына келтіріп жатыр.

Қазақстан Ауғанстанға гуманитарлық көмек жіберіп тұрады. Былтыр сәуір айында жалпы көлемі 5 403 тонна (81 вагон) азық-түлік жеткізді.