Астананың сол жағалауында орналасқан үш жұлдызды «Думан» қонақүйі аукцион арқылы сатылымға шығарылды. Бизнес нысанды сату туралы хабарлама Электронды сауда алаңы сайтында жарияланды.
Электронды сауда алаңы сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, қонақүйді сатушы – «Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компания» ЖШС болып отыр.
Аукцион саудасы 21 тамызда басталады. Оның бастапқы бағасы 41 935 661 631 теңге болса, ең төменгі баға ретінде 11 182 843 101,60 теңге ұсынылып отыр. Аукцион бағаны төмендету әдісімен өтетіні көрсетілген.
Он сегіз қабаттан тұратын қонақүй Астананың сол жағалауында орналасқан. Оның жалпы аумағы – 44206,5 шаршы метр. Үш жұлдызды санатқа кіретін қонақүйде боулинг-клуб, түнгі клуб, мейрамханалар мен бассейн және алты бизнес конференция залы бар. Сондай-ақ 211 бөлме, оның ішінде президенттік люкс номерлердің бары да көрсетілген.
Думан қонақүйіне кімдер иелік етті?
«Думан» қонақүйі A-Service Managment компаниясының басқаруында болған. Бұл компанияның жалғыз құрылтайшысы «Армания» ЖШС, ал «Армания» құрылтайшысы «Stroy System Engineering»ЖШС. eGov мәліметіне сәйкес бұл компанияның жалғыз құрылтайшысы – Шәріпбаева Қорлан Қайратқызы.
Айта кетейік, Қорлан Шәріпбаеваның әкесі қазақстандықтарға Назарбаевтар әулетінің күйеубаласы ретінде жақсы таныс Қайрат Шәріпбаев. Нақтырақ айтсақ, Шәріпбаев Дариға Назарбаеваның күйеуі.
2023 жылы 12 мамырда Жоғарғы Сот шешімімен бұрын «ҚазМұнайГазға» тиесілі болған, бірақ кейін жекенің қолына өткен «Думан» қонақүй кешенінің иелерінен 1,3 миллиард теңге өндіріп алған болатын.