Маймыл шешегі эпидемиясы. Бұл қандай ауру және одан қалай сақтануға болады?

Жарияланды 17 Тамыз 2024 11:23

(жаңартылды 19 Тамыз 2024 10:11)
Айшолпан Керім

Айшолпан Керім

Маймыл шешегі эпидемиясы деген не? / Фото: Pixabay

15 тамызда маймыл шешек ауруының жылдам таралуына байланысты әлемдік төтенше жағдай жарияланған. Кейінірек еліміздегі денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті  (КСЭК) үндеу жасады. Маймыл шешегі қандай вирус, белгілері қандай, оның алдын алуға бола ма – осы және өзге де сұрақтардың жауабын бүгінгі материалымыздан таба аласыз.

Маймыл шешегі – маймыл шешегі вирусынан туындайтын зооноздық, яғни адамға жануарлардан жұғатын жұқпалы ауру. Сонымен қатар бұл инфекция адамнан-адамға берілуі мүмкін. Алғаш рет маймыл шешегі 1958 жылы зертханалық маймылдар колониясында анықталды. Аурудың бұлай аталу себебі осыдан. Ал адамдардан бұл ауру 1970 жылы анықталды. Негізінен маймыл шешегі Орталық және Батыс Африка елдерінде кездеседі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған деректерге сәйкес, бүгінге дейін маймыл шешегі 75 елде анықталған.

Маймыл шешегі деген қандай вирус және ол қайдан шыққан?

Адамның маймыл шешегін жұқтыру жағдайы алғаш рет 1970 жылы Африкада, Конго Демократиялық Республикасында тіркелген. Ауру бірнеше рет өршіп, бұл вируспен жүздеген адам ауырды. Бірақ адам өлімі тіркелген жоқ. 2003 жылы маймыл шешегі АҚШ-та алғаш рет тіркелді. АҚШ-қа вирус Африкадан үйде ұстайтын кеміргіштермен бірге келген. Біреуі кішкентай баланы тістеп алған. Сол жылы АҚШ-та бұл дертпен тек бір айда 71 адам ауырып қалды.

Ғалымдар Африкадағы маймыл шешегі өршуін кәдімгі шешекке қарсы вакциналауды тоқтатумен байланысты екенін айтады. 1980 жылы 8 мамырда  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адамзат ресми түрде шешек ауруын жеңгенін мәлімдеді. Осыдан кейін оған қарсы вакцинациялау шаралары толығымен тоқтатылды. Ал маймыл шешегі мен кәдімгі шешек ауруы бір-біріне қатты ұқсайды. Мамандар симптомдары ұқсас болғанымен маймыл шешегі жеңілдеу екенін, алайда ол өлімге әкелуі мүмкін екенін де айтады. 

Аурудың негізгі белгілері қандай?

Ауру – маймыл шешегі вирусынан туындайтын зооноздық, яғни адамға жануарлардан жұғатын жұқпалы ауру.  Аурудың белгілері 5-21 күнде көріне бастайды. Вирус жұқтырып алған адамды дене қызуы, бас ауруы, бұлшық ет пен арқаның ауырсынуы, дененің қалтырауы мен лимфалық түйіндердің үлкеюі сияқты негізгі белгілер мазалайды. 1-3 күннен кейін денеге бөртпе шығады. Бұл – аурудың қызба кезеңі. Бөртпе алдымен бетке, одан соң бүкіл денеге таралады. Бөртпенің іші суға толып, артынан іріңдейді. Сосын қабыршақтанып түседі. Оның орны тыртық болып немесе пигмент дақ боп қалуы мүмкін. Науқас 2-4 апта ішінде жазылады. 

Маймыл шешегі шыққанда адам өлімі тіркелмеді. Өлім-жітім бертін келе басталды. 2021 жылы шілдеде Бразилияда маймыл шешегінен алғаш рет адам өлімі тіркелді. 

Ал Қазақстанда әзірге маймыл шешегін жұқтыру оқиғасы тіркелмеген. КСЭК осы инфекцияны ел аумағына әкелмеуге жол бермеу бойынша профилактикалық шаралар қабылданғанын хабарлады.

Маймыл шешегі қалай жұғады?

Маймыл шешегі, көбінесе, жабайы жануарлардан жұғады. Мәселен, тістеп қойса, я болмаса, жануардың биологиялық материалы ашық жарақатқа түссе, вирус ағзаға тез таралады. Сонымен қатар вирус дұрыс өңделмеген ет арқылы жұғуы мүмкін. Ал адамдар арасында ауа арқылы тарайды. Бірақ инфекцияны жұқтыру үшін науқас адамның жанында ұзақ жүру керек. Сондықтан маймыл шешегі отбасының ішінде тез таралады. Кейбір ғалымдар аурудың негізгі таратушысы балалар деп есептейтінін де айтып жүр.

Індеттен қалай сақтануға болады?

Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті қалай вирустың алдын алуға болатынын айтып, қазақстандықтарға қорғаныс амалдары бойынша үндеу жариялады.

Ауырған адамдарға және инфекция жұқтырған жануарларға (вирустық тасымалдаушы болуы мүмкін: маймыл, егеуқұйрық, тиін және басқа да жабайы жануарлар) жақындамау қажет. Қорғаныш құралдарын пайдалану да маңызды. Жануарлармен жұмыс істегенде, әсіресе зертханалық жағдайда немесе оларға күтім жасау кезінде қорғаныш киімдерін, қолғаптар мен маскаларды қолдану керек. Қолды сабынмен мұқият жуу мен дизенфекциялық құралдарды қолдану сияқты гигиеналық талапты қатаң сақтау да инфекцияның таралу қаупін азайтуға көмектеседі. Бөртпе, дене қызуының жоғарлауы, бас ауруы және шаршау сияқты белгілер пайда болған кезде медициналық көмекке, дәрігерге жүгіну маңызды.

Кеше ғана маймыл шешек ауруының жылдам таралуына байланысты әлемдік төтенше жағдай жарияланды. 

Инфекция ошағы саналатын Африка елдерінде 2023 жылы маймыл шешегінің тіркелу жағдайы едәуір өскен. Ал биылғы көрсеткіш былтырғыдан да асып түсті. Бүгіннің өзінде 14 мыңнан астам жағдай тіркелген. 

«Конгоның шығыс бөлігінде маймыл шешегінің жаңа түрі тез таралуда. Енді оның көрші елдерде немесе Африканың басқа да мекендерінде тарап кету мүмкіндігі алаңдатып тұрған мәселе», – деп атап өтті ДДСҰ басшысы 15 тамыздағы мәлімдемесінде. 

Сондай-ақ оқыңыз