2024 жылдың І жартыжылдығында халықаралық ақша аударымдары жүйесі арқылы жүргізілген транзакциялардың жиынтық көлемі төмендеді. 2023 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда көрсеткіш 19%-ға қысқарып, 515,3 млрд теңгені құрады.
«Жүргізілген аударымдардың дені (94%) – жеке тұлғалар арасындағы өтеусіз аударымдар. Бұл осы жүйелердің жеке аударымдар үшін ыңғайлы. Себебі мұнда банктік шоттарды ашу қажет емес», – деп хабарлады бас банк.
Халықаралық ақша аударымдары жүйесі арқылы жүргізілген аударымдардың негізгі бөлігі (98%) Қазақстан мен басқа елдер арасындағы трансшекаралық аударымдарға тиесілі. Оның 75%-ы шетелге жөнелтілді. Ол 2024 жылдың І жартыжылдығында 383,8 млрд теңгені құрады.
Бұл аударымдардың шамамен 87%-ы «Золотая Корона» жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Қазақстаннан шетелге жүргізілген бір аударымның орташа сомасы 330,1 мың теңге болады. Негізгі ақша аударылған елдер: Ресей (31,2%), Өзбекстан (26,8%), Түркия (20,9%), Грузия (7,7%) және Қырғызстан (3,6%).
Еске сала кетсек, 2023 жылы халықаралық ақша аударымдары жүйелері арқылы шетелге 961 млрд теңгеден аса қаржы жөнелтілген.
Маусым айында Қазақстаннан трансшекаралық ақша аударымдарының көлемі 73 млрд теңгені құрады. Бұл бір жыл бұрынғыдан 16,6%-ға аз болған.