Lifestyle

Қытай автокөлік эспорты бойынша Жапонияны басып озды. Бұл ретте негізгі бағыттарының бірі Қазақстан болып қала бермек – БАҚ

Шілде айында Қытай шетелге 469 мың автокөлік жөнелткен. Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

2023 жылы Қытай әлемдегі ең ірі автомобиль экспорттаушысы Жапонияны басып озды. Бұл ретте аталған ел Қазақстанды өзінің негізгі экспорттық бағыттарының бірі деп санайды деп жазады China Daily.

Қытайдың автомобиль өндірушілері қауымдастығының мәліметінше, шілде айында Қытай шетелге 469 мың көлік жөнелткен.

«Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,6%-ға артық. 2024 жылдың алғашқы жеті айында экспорттың жалпы көлемі 3,26 млн бірлікке дейін өсті (бір жылмен салыстырғанда 28,8%-ға өсті). Оның ішінде 700 мың дана электромобиль», – деп хабарлады қауымдастық.

2023 жылы Қытайдың Great Wall Motor (Haval, Great Wall Hover және басқа үлгілері) автомобиль компаниясы Қазақстанда 8,8 мың көлік сатқан. Great Wall Motor халықаралық бөлімшесінің президенті Ши Цинке компанияның қазақстандық нарыққа сенімді екенін айтты.

«Қытай мен Қазақстан арасындағы экономикалық және сауда байланыстары одан әрі тереңдей түскен сайын, қытайлық автомобиль брендтерінің Орталық Азия елінде болашағы зор болады», – деді Ши.

Қытайдың Geely компаниясы Қазақстанда тағы жаңа жеті модельді ұсынады. 2022 жылдың соңынан бері компания елде 16 дилерлік орталық пен көрме залдарын ашты. Geely өкілдерінің айтуынша, Орталық Азия елдері қытайлық автоөндірушілер үшін маңызды қадамға айналуда. Өткен жылы компания Қырғызстан нарығына шығып, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстандағы қызметін кеңейтуді көздеп отыр.

Мемлекеттік кеңестің дамуды зерттеу орталығының сарапшысы Ван Циннің айтуынша, қытайлық автоөндірушілер жаһандық компанияға айналғандықтан, шетелде өндіріс орындарын салып жатыр.

«Біз бірте-бірте жаһандық әлеуетті арттыру және технологиямызды экспорттау кезеңіне тіпті жергілікті үкіметтерден ешқандай сұраусыз да кірісеміз», – деді Ванг China Automotive News-ке.

Айта кететіні,  Astana Motors Manufacturing Kazakhstan 2025 жылы 3 қытайлық автокөлік брендін Қазақстанда өндіре бастайды. Алматыда Chery, GWM (Haval), Changan автокөліктері шығарылады. Мультибрендті зауыт құрылысы басталып кетті.

Еске сала кетсек, Автокөлік нарығын мониторингтеу және талдау агенттігінің басшысы Артур Мискарян Қытай билігі шетелге ескі көлік экспортын арттыратырын айтқан еді.