Шымкент қаласының тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны күшті. Өңірде баспананы пайдалануға беру көрсеткіштері 38,7%-ға артқан. Бұл жайлы Бірінші кредиттік бюро хабарлады.
Жалпы Қазақстан бойынша қаңтар-шілде айларында пайдалануға берілген жаңа тұрғын үйлердің көлемі 5,1%-ға өсіп, ауданы 8,7 млн шаршы метрді құраған.
Бұл көрсеткіштер бойынша биыл Астана мен Алматы бірнеше өңірден қалып қойған. Жаңадан салынған тұрғын үйді пайдалануға беру Астанада 4,3%-ды құраса, Алматыда – 4,5% болған. Ал бір жыл бұрынғы сәйкес кезеңде бас қалалардың көрсеткіші әлдеқайда жоғары болған екен.
Бюро мәліметінше, қаңтар-шілде аралығында жаңа үйлерді пайдалануға беру қарқыны бас қалаларда 18 облыстың 11-інен төмен болған.
«Шымкент ең күшті өсім көрсетті. Онда көрсеткіш 38,7%-ға жетті», – деп хабарлайды бюро.
Содан кейінгі орында 20,9% көрсеткішпен Қарағанды облысы тұр. Ал Жетісу облысында баспананы пайдалануға беру қарқыны 18%-ды құраған.
Бюроның хабарлауынша, жаңа үйлерді пайдалануға беру қарқынының көрсеткіштері бұлай өзгеріп көрмеген. Өйткені 2023 жылдың қаңтар-шілде айларында Алматы мен Астана қалалары көш басынан түспеген.
Еске сала кетсек, наурызда Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев қалада пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемін қысқарту жоспарланып отырғанын хабарлаған болатын. Ол құрылыс пен тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі Алматы бас жоспарына енгізілген өзгерістерді орындауға байланысты төмендегенін айтты. Мемлекет басшысының үйлерді тығыз салуға жол бермеу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің шаршы метрін 0,5 млн шаршы метрге қысқарту жоспарланғанын атап өтті.
Ал наурызда жаңа тұрғын үйлердің бағасы 3% өсіп, қайталама нарықтағы баға 3,3% төмендеген болатын.