Жаңалықтар

Салтанат Нүкеноваға қатысты теріс ақпарат таратқан Бударовтың аппеляциялық шағымын Алматы қалалық соты мақұлдаған жоқ

Салтанат Нүкенованы
Алматы қалалық соты Бударовтың аппеляциялық шағымын мақұлдамады/ коллаж kursiv.media

Жазықсыз қаза болған Салтанат Нүкеноваға қатысты теріс ақпарат таратқан А. Бударовты Алматы қалалық соты кінәлі деп таныды. Бірінші инстанция да Салтанаттың ағасы А. Амангелдінің талап арызы бойынша А. Бударовтың таратқан мәліметтері шындыққа сәйкес келмейді, ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлайды деген шешім шығарған.

Азаматтық іс алқалық тәртіпте қайта қаралды. А. Бударов Instagram-дағы «budarov_anton» интернет парақшасы оған тиесілі екенін жоққа шығарды. Дегенмен іс материалдары айыпталушының нақты дәлелі жоқ екенін көрсетті.

Апелляциялық шағым берген Бударов сот отырысы туралы бейхабар болғанын айтқан. Шын мәнінде, аудандық сот оған төрт мәрте хабарлама жолдаған.

Іс материалдарын сараптаған тіл маманы «Instagram» әлеуметтік желісінде «budarov_anton» қолданушының трагедиялық жағдайға тап болған С. Нүкенованың тұлғасына қатысты теріс ақпарат таратқанын дәледеді. Бударов шындыққа сәйкес келмейтін және Нүкенованың ар-намысын, қадір-қасиетін төмендететін мәліметтер жариялаған.

Сот коллегиясының қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылып, жауапкердің апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады. Қаулы заңды күшіне енді.

2023 жылы 9 қарашада Bau мейрамханасында экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен ұсталды. Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот үкімі 13 мамырда шықты. Сот үкімімен Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Бишімбаев жасаған қылмыс қауіпті қылмыстың рецидиві деп танылды. Байжанов аса қауіпті қылмысты жасырғаны үшін кінәлі деп танылып, 4 жылға сотталды.