Жаңалықтар

Семейдегі кәсіпорын екі жыл бойы жұмысшыларының шотына зейнетақы мен әлеуметтік төлем аудармаған

Кәсіпорын заңбұзушылыққа жол берген/ фото kursiv.media

«Зеленстрой Семей» ЖШС еңбек ұжымына 2 жыл бойы  зейнетақы мен әлеуметтік аударымдарды төлемеген. Берешек – 69 млн теңге.  Бұл деректі Семей қаласының прокуратурасы анықтады.

Кәсіпорынның қаржылық  жағдайы тұрақты болған. Сөйте тұра жұмыс беруші өз еркімен берешекті өтеу бойынша шаралар қабылдамаған.       

«Осы кәсіпорынның 2022 жылдан бастап 319 млн теңге салық берешегін өтемегені анықталды. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша 200-ден астам жұмысшының құқығы қорғалып, бюджетке 300 млн теңге салық берешегі өндірілді», – деп хабарлады Абай облысының прокаратурасы.

Былтыр Көлік прокурорлары «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-нің филиалдарында 742 адамға 10 млн теңгеден астам сомаға сыйақылар мен төлемдерді заңсыз есептеу фактілерін анықтаған. Кәсіпорынның Ақмола филиалы өмірден жеті жыл бұрын өткен зейнеткердің атына ақшалай қаражат аударып отырған.