Жаңалықтар

Енді әскерде келісімшартпен қызмет етуге онлайн өтініш беруге болады

служба
Үміткерлерді іріктеу конкурстық негізде өтеді / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруге ниет білдірген қазақстандықтар енді онлайн түрде құжат тапсыра алады. Қорғаныс министрлігі пилоттық жобаны іске қосты. Пилоттық жоба 27 тамызда жұмысын бастайды. Бұл жайында ҚР Қорғаныс және Цифрлық даму министрлерінің бірлескен бұйрығында жазылған.

«Келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдау сервисі» (Jauynger.gov.kz) ақпараттық жүйесі арқылы азаматтарды қатардағы жауынгер және сержант құрамы лауазымына келісімшарт бойынша әскери қызметке іріктеу және қабылдау алгоритмі бекітілсін», – делінген бұйрықта.

Келісімшарт бойынша әскери қызметке кіру үшін азамат Jauynger.gov.kz сайтына кіріп, жеке кабинет ашуы қажет. Мемлекеттік деректер базасымен интеграция болмаған жағдайда құжаттар PDF форматында жүктеледі.

Үміткер бос лауазымды таңдап, өтінімді толтырғаннан кейін электрондық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалана отырып, ҚР Қорғаныс министрлігіне жолдайды. Егер ол талаптарға сай болса, оның өтініші арнайы тексеруден өтеді. Оң нәтиже болса, өтініш беруші медициналық тексеру мен психологиялық тест тапсыруы қажет болады.

Барлық рәсімнен сәтті өткен жағдайда кандидат ЭЦҚ көмегімен келісімшартқа қол қояды, содан кейін құжатқа министр қол қояды. Осыдан соң қол қойылған келісім мен әскери бөлімге келу туралы нұсқама үміткерге жіберіледі. Сервистің барлық қатысушысы SMS арқылы өтінім мәртебесінің өзгергені туралы да хабарлама алады.

Сәуір айында Қорғаныс министрлігі әскери билет цифрлық форматқа ауыстырылғанын хабарлады. Енді жұмыс беруші азаматтың әскери қызметке қатынасы туралы мәліметтерді egov.kz электрондық үкімет ресурсын пайдалана отырып, автоматты түрде алады.

Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі әскерге шақырылатындар санын көбейтті. Биыл Отан алдындағы борышын өтеуге 40 148 сарбаз аттанады.