Жаңалықтар

Қазақстанда бизнесті қолдау шаралары қайта қаралды. Мемлекет енді қандай салаларға көп көңіл бөледі?

документы
Үкімет шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға арналған жаңа кешенді бағдарлама әзірледі / Фото: Shutterstock

Қазақстанда бизнесті қолдау шаралары қайта қаралды. Енді мемлекеттік субсидияларды, ең алдымен, өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындар алады. Бұл жайында  Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Үкімет «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктіріп, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға арналған жаңа кешенді бағдарлама қабылдады.

Бағдарламаның маңызды тұстары:

  • жаңа жобаларды субсидиялау үшін бюджетті бөлу негізінен өңдеу өнеркәсібі саласындағы (шамамен 50%) кәсіпорындар арасында жүзеге асырылады;
  • қызмет көрсету саласындағы жобаларды субсидиялау мерзімі 5 жылдан 3 жылға дейін қысқартылды. ШОБ жобаларын субсидиялаудың сараланған әдісі қарастырылған, бұл кезең-кезеңімен нарықтық жағдайларға көшіруді көздейді.  Сондай-ақ субсидиялауға жататын жекелеген қызмет салалары оңтайландырылды;
  • бизнес субъектілеріне 1 млрд теңгеден асатын несие сомаларына нарықтық шарттар бойынша кепілдік алу мүмкіндігі берілді;
  • синдикатталған несиелеу енгізілді, ол бір уақытта бірнеше банк арқылы 15 млрд теңгеге дейін ірі жобаларды қаржыландыруды көздейді;
  • облигациялық қарыздар беру шарттары едәуір кеңейтілді. Енді кәсіпкер облигация шығару кезінде купондық сыйақы мөлшерлемесіне субсидия алады және 5 жыл мерзімге дейін 6% мөлшерлемемен 5 млрд теңгеге дейін қаржыландыру тарта алады.

Биыл 6 айда жаңартылған бағдарлама шеңберінде субсидиялар мен кепілдіктер түріндегі қолдау шараларымен Қазақстанда шамамен 14 мың бизнес жобасы қамтылған. Мәселен, субсидиялау бойынша – 566 млрд теңгеге 8 624 жоба, кепілдік беру бойынша – 178,9 млрд теңгеге 5 381 жоба қолдау тапқан.

Жақын арада өндірістің технологиялық күрделілігіне байланысты қолдаудың сараланған тетіктерін енгізу жоспарлануда. Жоғары технологиялық дайын өнім шығаратын кәсіпкерлер ұзақ мерзімге арзандатылған несиелер ала алады.

Айта кетейік, биыл, 10 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» жарлыққа қол қойған еді. Ол елдегі бәсекелестікті дамыту, экономикаға мемлекеттің араласуын қысқарту және бизнес шығындарын азайтуға арналған.

Жуырда Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Қазақстанда жалпы құны 1,3 трлн теңге болатын 180 кәсіпорын іске қосылатынын мәлімдеген болатын. Бұл жобалар іске қосылғанда, 15 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады.