«KEGOC» АҚ атқарушы органы мүшелеріне 322,9 млн теңгеден астам қаржы төледі. Бұл туралы компания Қазақстан қор биржасына ұсынған құжатта жазылған.
«KEGOC» АҚ осы хат арқылы келесі ақпаратты жолдайды: «KEGOC» АҚ атқарушы орган мүшелерінің 2023 жылғы жиынтық сыйақысы 322 867 850,52 (үш жүз жиырма екі миллион сегіз жүз алпыс жеті мың сегіз жүз елу теңге елу екі тиын) теңгені құрады», – деп жазылған хабарламада.
Бұл ретте компания топ-менеджерлерінің жалақысы ескерілген.
Аталған сома бұған дейінгі көрсеткіштен 80,2% жоғары. 2022 жылы «KEGOC» АҚ атқарушы органы мүшелерінің жалпы сыйақысы 179,1 млн теңгені (179 167 862,54) құрады.
Компанияның басқарма құрамы бес мүшеден тұрады: басқарма төрағасы Нәби Айтжанов, басқарма төрағасының орынбасары Бақытжан Жазықбаев, кадрлар, құқықтық қамтамасыз ету және тәуекелдер жөніндегі басқарушы директор Төлеген Сафуани, экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директор Айгүл Әкімбаева және стратегия және тұрақтылық жөніндегі басқарушы директор Эльвира Конахбаева . Бес мүшенің әрқайсысы өткен жылдың соңында 64,574 млн теңге немесе айына 5,4 млн теңге алған.
«KEGOC» акционерлік қоғамы — Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің жүйелік операторы. Компанияның негізгі акционері — «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры.
2023 жылы АҚ-ның таза пайдасы 60%-ға артып, 42,7 млрд теңгені құраған.
Бұған дейін Freedom Broker сарапшылары KEGOC акцияларын сатып алуды ұсынған. 2024 жылғы наурызда мамандар компания акциясы +21% өседі деп болжаған.