2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 132 064 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 89 436 теңге, базалық зейнетақы – 42 628 теңге. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметіне сүйінсек, жалпы 2 трлн 175 млрд теңге сомасына зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 684,7 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 1 трлн 490,3 млрд теңге қарастырылды.
Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МЗЖ) төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.
Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 65%-на тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Ал егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 85%-ын құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде яғни 105% белгіленеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі зейнетақы жинағындағы ақшамен тіс емдетуге шектеу қоймайтыны туралы жазған едік.