Блинкен Израильдің Газада атысты тоқтауға келіскенін жеткізді: бұдан кейін әлемде мұнай бағасы төмендей бастады

Жарияланды
Израильдің Газадағы атысты тоқтатуға келіскенінен кейін әлемде мұнай бағасы төмендей бастады / Фото: kursiv.media

Энтони Блинкен дүйсенбі, 19 тамызда Израильдің Газадағы атысты тоқтатуға келіскенін мәлімдеді. Американың мемлекеттік хатшысы ХАМАС ұйымын да осындай шешім қабылдауға шақырды.

Блинкен Тель-Авивке сапары барысында Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кездескен. Кездесу барысында ХАМАС ұйымымен келіссөздер жүргізуге келіскенін жеткізді.

«Бүгін премьер-министр Нетаньяхумен өте сындарлы кездесуде ол маған Израильдің ымыраға келу ұсынысын қабылдайтынын және оны қолдайтынын растады. Енді ХАМАС та дәл солай істеуі керек»,- деді ол.

Екі тарап атысты тоқтату туралы шешім қабылдаса, кепілге алынғандар босатылып, Газа аймағында бейбіт тұрғындардың қырылуына тосқауыл болатыны айтылды.

Блинкеннің мәлімдемесінен кейін мұнай бағасы төмендей бастады. Мұнай фьючерстерінің түсуіне геосаяси тәуекелдердің төмендегені ғана емес, сонымен Қытайдағы сұраныстың азаюы да өз әсерін тигізген.

«Бағаларға Таяу Шығыстағы геосаяси оқиғалар және Қытайдағы сұраныстың болжамына байланысты ақпарат әсер етіп жатыр», – деп мәлімдеді IG компаниясының өкілі Йеп Джун Ронг.

Сейсенбі күнгі сауда-саттықта Brent маркалы мұнай 53 центке немесе 0,7%-ға төмендеп, барреліне 77,13 долларды құраған. Ал АҚШ-тың West Texas Intermediate мұнайының бірінші айлық фьючерстері барреліне 73,87 долларды құрады. Бұл маркалы мұнай бағасы да 0,7%-ға төмендеген. Сонымен бірге ең белсенді саудаланған екінші айлық келісімшарт 49 центке немесе 0,7%-ға төмендеп, барреліне 73,17 долларға бағаланған.

Ал дүйсенбідегі саудада Brent маркалы мұнай 2,5%-ға, WTI маркалы мұнай бағасы 3%-ға арзандаған.

Айта кетейік, 12 тамызда Таяу Шығыстағы шиеленіске байланысты мұнай бағасы көтеріле түсті. Бұл күнгі сауда-саттықта мұнай бағасы бес сессия қатарынан 3%-ға көтерілген болатын. Бағалардың көтерілуіне АҚШ-тағы рецессияға қатысты қобалжулардың бәсеңдегені және Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайдың шиеленісе түскені әсер еткен. Ол кел кезде Иран мен «Хезболла» қарымта қайтарады деп болжанған еді.

Сондай-ақ оқыңыз