Жасанды интеллектінің дамуы жаңа деректер орталықтарының жаппай пайда болуын ынталандыратын фактор. KeyBanc Capital Markets сарапшыларының пікірінше, бұл инвесторлар үшін айтарлықтай мүмкіндіктерге жол ашады. Олар дәл трендті барынша өз пайдасына жарата алатын төрт компанияны атады. Төртеуі де «Overweigh» рейтингіне енгендер. Демек нарықтағы жағдайдан әлдеқайда жоғары өсімге қол жеткізуге мүмкіндігі бар компаниялар.
Толығырақ
KeyBanc Capital Markets инвестициялық банкі жасанды интеллект инфрақұрылымын салудан қандай акциялар пайда көретінін жариялады деп хабарлады Barron’s.
«Деректер орталықтарына арналған жабдықтармен және инфрақұрылыммен байланысты компаниялар екінші тоқсанда негізінен [олардың өнімдері мен қызметтеріне] тұрақты сұранысқа ие болды, – деп жазды KeyBanc сарапшылары.
Олар төрт бенефициарды атады. Әрі бұлардың «нарықтан жоғары» өсімге қол жеткізе аларына сенімді.
Wesco International – логистикалық қызмет көрсететін компания деректер орталықтарына бағытталған инвестициялардың ұлғаюынан айтарлықтай пайда көре алады деп есептейді KeyBanc. Оның өнеркәсіптік технология жөніндегі сарапшысы Wesco-ның «бұлтты» есептеу саласындағы қызметтеріне сұраныс өсетініне сенімді. Компания акцияларының мақсатты бағасы – 195 доллар. Болжамға сенсек, ықтимал өсім шамамен 24% деп бағаланып отыр. MarketWatch мәліметтері бойынша, 12 сарапшының тоғызы Wesco акцияларын сатып алуға кеңес береді, қалған үшеуі оларды «қоржында ұстауды» ұсынып отыр.
Cogent Communications Holdings деректер орталықтарын іске қосу шешімдеріне маманданған. KeyBanc-тың байланыс қызметтері бойынша сарапшысы Брэндон Ниспелдің пікірінше, деректер орталықтарының саны артқан сайын компанияның деректерді алыс қашықтыққа жеткізуді қамтамасыз ететін қызметтері де сұранысқа ие болады. Ол акцияларды 80 долларға бағалап, 7%-дық өсімді болжап отыр. Компанияның динамикасын 13 сарапшы қадағалайды. Олардың сегізі компания акцияларын сатып алуға кеңес берсе, төртеуі бұрын сатып алынған акцияларды портфельде ұстауға, тек біреуі ғана сатуды ұсынып отыр.
Teradyne жартылай өткізгіштерге арналған жабдықты сынау қызметтерін ұсынады. KeyBanc сарапшысы Стив Баргердің айтуынша, ЖИ чиптеріне сұраныстың артуы Teradyne қызметтеріне деген қажеттіліктің еселенуіне әкеледі. Инвестбанктің бағалауы бойынша, компания акцияларының мақсатты бағасы 180 долларға тең, өсу әлеуеті – 36,6%. Teradyne акцияларын назарда ұстайтын 19 сарапшының 10-ы сатып алуға, сегізі сақтауға кеңес береді. Бір сарапшы өсу әлеуеті нарықтан төмен болады деген бағасын жеткізді.
Constellation Energy деректер орталықтарының электр энергиясына деген өсіп келе жатқан сұранысының пайдасын көре алады. KeyBanc-тың электр энергетикасы бойынша сарапшысы Софи Карп компанияның акцияларына 230 доллар бағасын беріп отыр. Бұл дегеніміз – шамамен 20,5%-дық өсім. Constellation Energy акцияларын бақылайтын 18 сарапшының басым бөлігі оның қағаздарын сатып алуды ұсынып отыр. Төртеуі портфельде ұстаған жөн дейді. Акцияларды сатуға қатысты кеңес айтылмаған.